30 маусымдағы маңызды жаңалықтар дайджесі:
📌 Прокуратура: Қостанай облысында қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа тартуға тырысқан
📌 "Қайта қудалайды деп қорқып, арыз жазбаған". Өзбекстанның төрт азаматы Қаңтар оқиғасында абақтыда азапталған
📌 Әскери сотта прокурор: Қаңтар кезінде Алматыдағы алаңға Талдықорғаннан қаруланған 200 жауынгер әкелінген
📌 Атырау облысында өрт сөндірушілер жалақыны өсіруді талап еткеннен кейін жұмыссыз қалғанын айтты
📌 Қаңтар оқиғасы: Семейде Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты айыпталған екі полицейдің соты басталды
📌 Украина азаматтарының 78 пайызының жақыны соғыста жараланған не қаза болған
t.me/azattyq
"Митинг тақырыбы ұлтаралық келісімге теріс әсер етуі мүмкін"
Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе қаласының әкімдігі жергілікті белсенділерге Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеген.
Ақтөбе әкімдігі митинг өтетін орын бос болмайды деп айтқан. Одан бөлек "митинг тақырыбы ұлтаралық келісімге теріс әсер етуі мүмкін" деп түсіндірген.
Қостанай әкімдігі митинг өткізілетін аймақтағы жөндеу жұмыстары бойынша рұқсат берілмейтінін хабарлаған.
Қарағанды әкімдігі ол күні басқа іс-шара жоспарланғанын айтқан.
Қазақстан өңірлерінде Украинаны қолдау митингісін өткізгісі келген белсенділердің 32 өтініші мақұлданбады.
t.me/azattyq
Гүлмира Сатыбалды қаржы жымқыру ісі бойынша сегіз жылға сотталды
Қызылорда соты экс-президенттің немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ол "бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру" бабы (441 миллион теңге) бойынша айыпталған. Сотталушыға коммерциялық ұйымда басшылық қызметін атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Судья қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды. Сатыбалды 2022 жылдың 15 қыркүйегінен бастап қамауда отыр, ол жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді және әрбір күні 1,5 тәулікке теңеледі.
Тергеу мәліметтеріне қарағанда, Гүлмира Сатыбалды 2018 жылы Сырдарияның сол жағалауына жылу желілерін тарту бойынша «Ариа-Жаңа Астана» компаниясының тендерді жеңіп алуына ықпал еткен.
Мамыр айының басында Астана соты Гүлмира Сатыбалдыны "адам ұрлау" және "өзінше билік ету" баптары бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырған.
t.me/azattyq
Астана әкімі Украинаны қолдау митингісіне әкімдіктің рұқсат бермегені туралы: Демек, орын бос емес
"Менде ондай ақпарат жоқ. Біз Украинаны қолдау не оған қарсы туралы мәселені көтермейміз. Егер құжаттар заңға сай болса, онда рұқсат беріледі" деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек
Ол әкімдіктің неліктен рұқсат бермегенін "демек, митинг өтетін орын бос болмаған не өтініш дұрыс берілмеген" деп түсіндірді. Әкімнің сөзіне қарағанда, ол митинг өткізбеу туралы шешімді журналистерден естіп отыр.
"Әкімдік ресми және басқа да жайттар бойынша бас тартпайды. Қалада осындай іс-шараларды өткізуге арнайы орындар бар. Жыл басынан бері Елордадағы рұқсат етілген учаскелерде жүздеген іс-шара өткізілді" деді Астана әкімі брифингте.
t.me/azattyq
Атырау облысында өрт сөндірушілер жалақыны өсіруді талап еткеннен кейін жұмыссыз қалғанын айтты
Атырау облысы Мақат ауданындағы "Интергаз Орталық Азия" компаниясының мердігері "GR World" мекемесінің өрт сөндірушілері "жалақыны өсіруді талап еткені үшін" өздерін жұмыстан босатқанын хабарлады. Олар жұмыссыз қалғандарын 29 маусым күні таңертең жұмысқа шыққанда білген. Сол күні бір топ наразы жұмысшы Атырау қаласына келіп, еңбек инспекциясына жұмыстан заңсыз шығарылғаны жөнінде шағым түсірді.
Жұмысшылар жұмыс берушіден жалақыны 50 пайызға көтеруді талап еткен. Олардың алатын жалақысы - 80-85 мың теңге. Мұның өзіне олар былтыр қаңтарда да жалақыны көтеруді талап еткен соң қол жеткізген.
Бұған дейін өрт сөндірушілер бірнеше жыл бойы 60-65 мың теңге көлемінде жалақы алып келген. Былтыр қаңтарда жалақыны 120 мың теңгеге көбейтуді сұраған. Бірақ сол кездегі басшылары жалақыны тек 30 пайызға өсірген.
🔗Толығырақ Азаттық тілшісі Айнұр Сапарованың жаңалығынан оқыңыз
t.me/azattyq
Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде Ресейдегі бүлік туралы айтты
"Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті" деді Тоқаев.
Оның айтуынша, “ұйымдасқан қылмыс мемлекет пен қоғам үшін зор қауіп төндіреді”.
"Ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті" деді президент.
Ол "ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен" сыбайластыққа қатаң тыйым барын айтып, "олардан қаһарман жасаудың керегі жоқ" дейді.
Фото: Ақорда
t.me/azattyq
Астана мен Алматы әкімдігі де белсенділерге Украинаны қолдап, митинг өткізуге рұқсат бермеді
Бұл жөнінде "БелсенділерЭкстремистЕмес" бақылау тобы хабарлады.
"Алға, Қазақстан!" тіркелмеген оппозициялық партиясының белсенділері Алматы әкімдігіне 2 шілдеде «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаң немесе Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізетінін айтып, хабарлама берген. Жергілікті билік шара "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деген себеппен митинг өткізуге рұқсат бермеген.
Астана әкімдігі белсенділерге акцияны өткізу туралы хабарламада іс-шара туралы толық ақпарат берілмегенін айтып, өтініштерін кері қайтарған.
Петропавл, Көкшетау және Орал қалаларының әкімдіктері де белсенділерге 2 шілдеге жоспарланған Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеген еді. Белсенділер Ресейдің Украинаны басып кіруіне 500 күн толуына орай соғысқа қарсы митинг өткізбек болған.
t.me/azattyq
🇰🇿 Қазақ тілі Telegram-ның ресми тілдер қатарына қосылды
Бұл жөнінде Qazaq Grammar тобы хабарлады. Айтуларынша, қазақ тілін iOS пен Android жүйелерінде және браузер нұсқасында қолдануға болады. Бұған дейін Telegram қосымшасының қазақшасы сілтеме арқылы beta нұсқа түрінде жұмыс істеген.
Qazaq Grammar тобының мәліметінше, қазақ тілі Telegram-ға түркі тілдері арасында түрік пен өзбек тілінен кейін үшінші болып қосылды.
t.me/azattyq
Қажылық визасын алмай Меккеге барғандар кедергіге тап болды. Бұған кім кінәлі?
Қазақстаннан Меккеге үлкен қажылық өтейміз деп аттанған 120 адамға депортация қаупі төнген. Себеп – оларды Сауд Арабиясына жіберген компания мүфтияттан ресми рұқсат, квота алмауы. Туристік фирма өкілі рұқсатты «бейресми» түрде алғанын айтты, ал діни басқарма компания заң бұзып отыр дейді.
t.me/azattyq
Ираннан қазақ көші азайды ма?
Қазақстан үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен Иран азаматтарының елге 14 күнге дейін визасыз кіруіне рұқсат берілді. Бұл Иран қазақтарының тарихи отанына көшін жеңілдетеді деген үміт болған. Бірақ ол елдегі қазақ диаспорасы өкілдері "бұл тек туристерге ғана ыңғайлы, ал қандастарға еш қатысы жоқ" дейді. Олардың виза алуы тіпті қиындай түскен.
Айтуларынша, бұрын Қазақстан елшілігі адамның ұлты қазақ екенін анықтайтын комиссия құрып, соның тұжырымы негізінде шешім шығаратын немесе мешіт жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтамасына сүйенетін. Ал қазір тек өзі тұратын елдің мемлекеттік органы берген "қазақ екенін растайтын құжатты" өткізуі тиіс.
Азаттық сөйлескен диаспора өкілдері бір жылдың жүзінде "заң өзгерді", "ереже қатаң болып кетті" дегенді көп айтты. Бұған Қазақстанның Ирандағы бас консулының өзгеруі әсер етті дейтіндер бар.
Азаттық тілшісі Нұртай Лаханұлының бүгінгі мақаласынан оқыңыздар👇🏻
🔗Сілтеме
t.me/azattyq
"Қайта қудалайды деп қорқып, арыз жазбаған". Өзбекстанның төрт азаматы Қаңтар оқиғасында абақтыда азапталған
Қаңтар оқиғасы кезінде «абақтыда азапталдым» деп арызданған қырғызстандық екі адамның қатарына Өзбекстанның тағы төрт азаматы қосылды. 8 маусым күні Алматы облысының прокуратурасы олардың арызын тіркеген.
"Олар қайта қудалайды деп қорқып, арыз жазбай кетіп қалған. Соққыдан әрең өздеріне келіп, жұмысқа тұрған, сөйтіп уақыт өтіп кеткен. Өзіміз Өзбекстанға барып, арызын алып, прокуратураға тергеліп жатқан іске [Алматы облысының прокуратурасы «Азаптау» бабы бойынша қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов пен Шолпонбек Сыдықовтың ісін тергеп жатыр] қосуды және оларды жәбірленуші ретінде тануды сұрадық. Прокуратура арызымызды қанағаттандырды" деді құқық қорғаушы, «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева Азаттыққа.
Прокуратура олардың арызына қатысты "Азаптау" және "Билікті асыра пайдалану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
t.me/azattyq
Кентауда дәмханада уланғандар 93 адамға жетті: жартысына жуығы – бала
Кентау қалалық орталық ауруханасының дерегінше, уланғандар ауруханаға 27 маусымда түсе бастаған. Уланғандардың дені құсып, дене қызуы көтерілген. Жан сақтау бөліміне жатқызылғандар бөлімшелерге шыққан. Уланғандардың үшеуі – жүкті әйел, 41-і – 14 жасқа толмаған балалар.
Облыстық полиция департаменті улану дерегі бойынша «Санитария қағидаларын немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен (304-бап) қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу басталған.
Ақпаратқа қарағанда, “Ризық Рауаны” тамақтану орталығынан адамдар жаппай осымен үшінші рет уланып отыр. 2022 жылы тамыз айында – 8 адам, қазан айында 168 адам уланған. Бірінші дерек бойынша айыппұл салынған, екінші дерек бойынша қылмыстық іс ашылып, екі жақтың келісімімен тоқтатылған.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
"Алданған" қажылар, АҚШ пен Ресей "таласқан" IT маман, қудаланған белсенділер – AzatNews | 29.06.23
📌 Меккеге қажылыққа кеткен жүзден аса адамға депортация қаупі төнген. Құлшылыққа барғандар компанияны айыптайды. Компания Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын кінәлайды.
📌 АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ресейлік IT маман ұсталды. Ресей оны сырттай соттады. Күдіктіні қай елге экстрадициялауды Қазақстан билігі шешеді.
📌 "Халық парламенті" атауымен жиын өткізіп, әкімшілік жауапқа тартылған белсенділер "саяси қудалауды тоқтатуды" талап етті.
📌 Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы - cенат "Заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы" заң жобасын мақұлдап, президентке жолдады. Бұған дейін жобаны қоғам белсенділері "шикі" деп сынаған.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Жанболат Мамайға шыққан үкім өзгермеді
Алматының апелляциялық соты тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Facebook-те белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлады.
"Бүгін Жанболаттың оқшауда отырғанына 499 күн болды. Күрес мұнымен тоқтамайды. Енді Жоғары сотқа жүгінеміз, одан кейін БҰҰ комитеті бар" деп жазды Иманбай.
Жанболат Мамай 10 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Бүгін үкім ресми түрде күшіне енді.
Белсенді өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамаған және мұның саяси астары бар деген.
t.me/azattyq
ISW: Суровикиннің қамалуы Путин "адалдық танытпаған тұлғалардан арылғысы" келетіндігінің белгісі болуы мүмкін
"Ресей билігінің Суровикинді қамағаны рас болып шықса, бұл Кремль "бар кінәні" Суровикин мен оған қатысты тұлғаларға жабу арқылы Ресей әскері мен ішкі қауіпсіздік органдарының бүлік кезіндегі әлсіздігін ақтап алу талпынысынан хабар береді" деп жазады сарапшылар.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігіне жақын дереккөздерге сүйенген The Moscow Times сайты Ресей армиясының генералы Сергей Суровикин қамауға алынғанын хабарлаған. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Суровикиннің өзі соңғы рет жұрт алдына 23 маусымда шыққан. Ол кезде ол видеомәлімдеме жазып, "ЧВК Вагнер" әскерін райынан қайтаруға шақырған. Қазір оның қайда екені белгісіз.
t.me/azattyq
🖼️ "Маусым" көрмесіндегі жарты миллионның суреті
Алматыда "Маусым" атты жоба аяқталды. Қаңтар оқиғасында асыраушысынан айырылған отбасылардың 17 баласы үш күн бойы сурет салуды үйреніп, көрмеге 30 картина дайындады. Жоба авторларының бірі Белла Орманбет (Орынбетова) пен балаларға сурет салуды үйреткен Мөлдір Сағындықтың әңгімесін Зере подкасынан тыңдаңыз.
🎙Apple podcasts
🎙Google Podcasts
🎙Spotify
🎙YouTube
🎙Азаттық сайты
t.me/azattyq
Талдықорған қаласының әкімі ауысты
Жетісу облысы әкімдігінің мәліметінше, Талдықорған қаласының әкімі болып Ернат Бәзіл тағайындалды. Ол 2023 жылдың ақпан айынан бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Талдықорған қаласын бұған дейін - 2022 жылдың 4 наурызынан бері Әсет Масабаев басқарған.
Фото: Жетісу облысының әкімдігі
t.me/azattyq
Әскери сотта прокурор: Қаңтар кезінде Алматыдағы алаңға Талдықорғаннан қаруланған 200 жауынгер әкелінген
Алматы гарнизоны әскери сотында былтыр Қаңтар кезінде оққа ұшқан Елнар Қансейіттің (ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы) өліміне қатысты қылмыстық істе прокурор айыпталушыға жаза сұрады деп хабарлады журналист Күлтегін Аспан Facebook парақшасында. Прокурор жауынгерге 7 жыл түрме жазасын тағайындауды және аға сержант шенінен айыруды сұрады.
Сотта прокурор былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы N18404 әскери бөлімінен Алматыдағы алаңға Калашников автоматымен қаруланған 200 жауынгер жеткізілгенін айтқан.
"6 қаңтарда кешкісін Сәтпаев-Фурманов көшелерінің қиылысында осы жауынгерлердің бірі Елнар Қансейіт айдаған көлікке оқ жаудырып, атып өлтірген" деп жазды іс материалдарына сүйенген журналист.
Осы іс бойынша күдікті танылған аталған әскери бөлімнің аға сержанты 33 жастағы Серікбол Мұратханға "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
Белсенділердің Украинаны қолдау митингісіне Шымкент пен Семей әкімдігі де рұқсат бермеді
"БелсенділерЭкстремистЕмес" бақылау тобының мәліметінше, Шымкент әкімдігі өтініште қате деректер барын айтып, іс-шара туралы толық ақпарат берілмегенін алға тартқан.
Семей әкімдігі митинг өтетін орында жоспарланған іс-шара барын айтқан.
Осыған дейін Астана, Алматы, Орал, Петропавл және Көкшетау қалаларының әкімдіктері белсенділерге 2 шілдеде митинг өткізуге рұқсат бермеген. Белсенділердің айтуынша, 25 өтініштің біреуі де мақұлданбаған.
Бақылау тобының мәліметінше, осылайша 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Қазақстан бойынша қабылданбаған өтініштер 97-ге жеткен.
t.me/azattyq
Тоқаев "азаптауға жол бермеу қажеттігін" тағы ескертті
"Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс" деді ол.
Тоқаев осы талаптар сақталса "азаматтардың полицияға деген сенімі артады" деді. Оның айтуынша, қызметкерлерге қоғам тарапынан да құрмет болуы керек.
"Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс" деді Тоқаев.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасынан кейін абақтыдағы азаптаудан алты адам қайтыс болған. Құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғаласын тергеуге халықаралық мамандарды шақыруды сұраған. Бірақ билік оның қажеті жоқ деп мәлімдеді.
Бас прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері азаптау фактісі бойынша күш құрылымдарының 35 қызметкеріне қатысты іс сотқа жіберілген, 17 қызметкер сотталған.
Фото: Ақорда
t.me/azattyq
Тоқаев қажылыққа апарған адамдары Сауд Арабиясында қамалды деген компания туралы айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 маусымда ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде "ІІМ алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс" деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Ақорда жазды.
"Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар" деді президент.
Президенттің айтуынша, қажылықтағы адамдарға "сыртқы істер министрлігі барынша көмектесуі қажет".
Бұған дейін әлеуметтік желіде Zam-Zam Qazaqstan атты компанияның қазақстандықтарды қажылыққа апарып, Сауд Арабиясында олардың құжаттары (қажылық виза) дұрыс болмай шығып, қамалғаны хабарланған. Кейін Zam-zam store компаниясының өкілі Данияр Илиев Азаттыққа берген сұхбатында қажылық визаны бейресми түрде діни басқармадан алғанын айтқан.
t.me/azattyq
Қостанай облысында жергілікті халықты Украинадағы соғысқа тартқан, Ресей жағында соғысуға үгіттеген
Бұл жөнінде Қостанай облыстық прокуратурасына сүйенген жергілікті БАҚ жазды. Прокуратура өкілдері өзге елдегі қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстан Қылмыстық кодексінде жаза қарастырылғанын айтты.
"Кейінгі кезде әлеуметтік желіде Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс туралы материалдар (мақалалар, видеосюжеттер, жазбалар, комментарий) жарияланып жатыр. Кейбірінде Қазақстан азаматтарын соғысқа шақыру, ұлттық алауыздық қоздыру, ұлттың намысына тию, екі жақ азаматтарының ар-намысын таптау сияқты жайттар кездеседі" деді прокуратура өкілдері.
Прокуратураның айтуынша, әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар, арасында қазақстандықтар да бар, "Қазақстанның территориялық тұтастығына байланысты" сепаратистік үндеулер орналастырған. Оған қоса, облыс аумағында жергілікті халықты Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысуға үгіттегені де анықталған.
t.me/azattyq
Украина азаматтарының 78 пайызының жақыны соғыста жараланған не қаза болған
Киев халықаралық әлеуметтану институты жүргізген зерттеу қорытындысы осыны көрсеткен.
Сауалнамаға сәйкес, респонденттардің 63 пайызының соғыста кемінде не жақын туысы не досы қаза болған. Украинаның барлық аймағында орташа есеппен сұралғандардың жауабы бірдей.
Сауалнама 26 мамыр мен 5 маусым аралығында ұялы телефон нөмірлерін кездейсоқ теру арқылы жүргізілген. Әлеуметтанушы ғалымдар осылайша 18 жастан асқан 2 013 респонденттен жауап алған. Зерттеуге Қырым, Севастополь және Донецк пен Луганск облысының жекелеген аудандары қатыспаған. Бұған қоса, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін шетелге кеткен азаматтар да сұралмаған.
t.me/azattyq
Сегізінші шақырылымдағы парламент депутаттары бірінші сессиясын аяқтап, демалысқа кетті
Депутаттар өз жұмысын 2023 жылдың 29 наурызында бастаған. Осылайша олар үш ай және бір күн жұмыс істеді. Парламенттің демалысы қыркүйекте аяқталады. Депутаттар оған дейін жұмыстарын өңірлерде жалғастырады деп айтылады.
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасы: Семейде Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты айыпталған екі полицейдің соты басталды
Полиция қызметкерлеріне "Азаптау" (146-бап) бойынша айып тағылған. Сотқа Жандос Жотабаевтың әкесі Тұрсынғали Жотабаев пен адвокаты да қатысып жатыр.
Айыптау тарабы тергеу органдарына сұрақ болғандықтан істі сотқа беру әлі ерте деп санайды. Судья өтінішті кері қайтарды.
Прокурор сотқа куәгерлер шақыру туралы өтініш түсірді. Айтуынша, олар қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеген.
Іс сотқа 26 мамырда түскен. Бұған дейін сот отырысы түрлі себеппен бірнеше рет кейінге шегеріліп келді. 29 мамырда бір күн ішінде істі қарау мерзімі үш рет ауыстырылды.
21 маусымда Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты бөлек істе уақытша қамау изоляторының фельдшері Гүлмира Төлеубекова бір жылға шартты түрде сотталған.
t.me/azattyq
29 маусымдағы маңызды жаңалықтар дайджесі:
📌 Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілді
📌 Таразда Қаңтар бойынша айыпталғандар апелляциясы: Адвокаттар сотталушыларды процеске қатыстыруды талап етті
📌 Қазақстан аймақтарында билік белсенділерге Украинаны қолдап, митинг өткізуге рұқсат бермеді
📌 Жанболат Мамайға шыққан үкім өзгермеді
📌 Сенат депутаттары Назарбаевты оның атындағы мектеп, ЖОО мен қордың жоғары кеңесінің басшысы мәртебесінен айыратын заң жобасын қабылдады
📌 Алматы және Алматы облысында 7 полицей “пара алды” деген күдікке ілінді
t.me/azattyq
Алматыда полиция белсендіге "Халық парламенті" жиынына қатысқаны үшін хаттама толтырды
Медеу аудандық полициясы белсенді Жарқын Күреңтаевты "Тіркелмеген ұйымның жиынына қатысты" деп айыптады.
"Маған қанша айыппұл салғанын айтқан жоқ. Бірақ алдын ала хаттаманы толтырып қойыпты. Хаттамаға қарасам, қорғаушы мен аудармашыны қажет етпеді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді деп жазып қойған. Бұл жерде заң бұзған мен емес, полиция өкілдерінің өзі" дейді белсенді.
Осыған дейін "Халық парламентінің" екі жиынына қатысқан белсенділер әкімшілік жазаға тартылған. Арасында Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Әлнұр Ілияшев, Инга Иманбай, Арайлым Назарова және өзге белсенділер бар.
t.me/azattyq
Қажылыққа апарған адамдары Сауд Арабиясында қамалды деген компания түсініктеме берді
Zam-zam store компаниясының өкілі Данияр Илиев Азаттыққа берген сұхбатында қажылыққа арнайы квота алмағанын мойындаған, бірақ бейресми түрде діни басқармадан қажылық виза алдық деген.
Оның айтуынша, компания қажылық визаны мүфтият өкілдерінен (қажылық бөлімі) алған. Әр визаның құны — 500 доллар.
"Видео, аудио дәлеліміз бар. Ақшасын қолма-қол төледік. Визаларды кім беріп отырғанын айта алмаймын. Құжатқа жауапты адамдар визамызды әуежайда берген" деді Илиев.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Zam-Zam Qazaqstan атты компанияның қазақстандықтарды қажылыққа апарып, Сауд Арабиясында олардың құжаттары дұрыс болмай шығып, қамалғаны хабарланған.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы компанияны “заң бұзды" деп айыптаған. Zam-zam store компаниясының өкілі "мүфтиятпен арамыз дұрыс емес" дейді.
Аталған компанияның қызметін пайдаланып, Сауд Арабиясында қанша қазақстандық қамалғаны белгісіз. Кей мәліметке қарағанда, олардың саны 100-ден асады.
Әзірге полиция бұл мәселе бойынша түсініктеме берген жоқ.
t.me/azattyq
Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда 120 мың адам жиналған митинг өтті. Шара «Корей соғысы» басталғанының 73 жылдығына арналды. Митингіге келгендер АҚШ-ты соғысқа «арандатты» деп айыптап, «АҚШ жері түгелдей біздің нысанада» деген плакаттар көтерді.
t.me/azattyq
Қазақстанның бірнеше өңірінде әкімдіктер Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеді
Белсенділер Ресей басқыншылығына 500 күн толуына орай 2 шілдеде митинг өткізбек болған. Бұл туралы желіде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады.
Петропавл әкімдігінің қызметкерлері жергілікті белсенділерге қаладағы Жеңіс саябағында митинг өткізуге рұқсат етпеген. Айтуларынша, 2 шілдеде саябақта "аға буынға арналған ретро дискотека" өтеді. Әкімдік өкілдері іс-шараның алдын-ала келісілгенін айтқан.
Көкшетау әкімдігі де "мәдени-қоғамдық шаралар өтетінін" алға тартып, соған байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеген.
Ал Орал әкімдігі акцияны өткізу туралы хабарламада іс-шара туралы толық ақпарат берілмегенін айтып, белсенділердің митинг өткізу туралы өтініштерін орындамаған.
#БелсенділерЭкстремистЕмес құқық қорғау тобының мәліметінше, Орал, Көкшетау және Петропавл қалаларында белсенділердің 2 шілдеде бейбіт жиын өткізуге 8 өтініші қабылданбаған. Топ 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Қазақстан бойынша Украинаны қолдау мақсатында соғысқа қарсы акция өткізуге 80 өтініш қабылданбағанын айтады.
Құқық қорғаушылар 2020 жылдың 30 шілдесінен қазірге дейін Қазақстан бойынша бейбіт жиын, шеру мен жеке пикет өткізуге кемінде 481 өтініш қабылданбағанын тіркеген, оның ішінде 481 өтініштің 106-сы 2023 жылы тіркелген.
t.me/azattyq