Кентауда дәмханада уланғандар 93 адамға жетті: жартысына жуығы – бала
Кентау қалалық орталық ауруханасының дерегінше, уланғандар ауруханаға 27 маусымда түсе бастаған. Уланғандардың дені құсып, дене қызуы көтерілген. Жан сақтау бөліміне жатқызылғандар бөлімшелерге шыққан. Уланғандардың үшеуі – жүкті әйел, 41-і – 14 жасқа толмаған балалар.
Облыстық полиция департаменті улану дерегі бойынша «Санитария қағидаларын немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабымен (304-бап) қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу басталған.
Ақпаратқа қарағанда, “Ризық Рауаны” тамақтану орталығынан адамдар жаппай осымен үшінші рет уланып отыр. 2022 жылы тамыз айында – 8 адам, қазан айында 168 адам уланған. Бірінші дерек бойынша айыппұл салынған, екінші дерек бойынша қылмыстық іс ашылып, екі жақтың келісімімен тоқтатылған.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
"Алданған" қажылар, АҚШ пен Ресей "таласқан" IT маман, қудаланған белсенділер – AzatNews | 29.06.23
📌 Меккеге қажылыққа кеткен жүзден аса адамға депортация қаупі төнген. Құлшылыққа барғандар компанияны айыптайды. Компания Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын кінәлайды.
📌 АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ресейлік IT маман ұсталды. Ресей оны сырттай соттады. Күдіктіні қай елге экстрадициялауды Қазақстан билігі шешеді.
📌 "Халық парламенті" атауымен жиын өткізіп, әкімшілік жауапқа тартылған белсенділер "саяси қудалауды тоқтатуды" талап етті.
📌 Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы - cенат "Заңсыз иеленген активтерді қайтару туралы" заң жобасын мақұлдап, президентке жолдады. Бұған дейін жобаны қоғам белсенділері "шикі" деп сынаған.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Жанболат Мамайға шыққан үкім өзгермеді
Алматының апелляциялық соты тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Facebook-те белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлады.
"Бүгін Жанболаттың оқшауда отырғанына 499 күн болды. Күрес мұнымен тоқтамайды. Енді Жоғары сотқа жүгінеміз, одан кейін БҰҰ комитеті бар" деп жазды Иманбай.
Жанболат Мамай 10 сәуірде Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілген еді. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Бүгін үкім ресми түрде күшіне енді.
Белсенді өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамаған және мұның саяси астары бар деген.
t.me/azattyq
ISW: Суровикиннің қамалуы Путин "адалдық танытпаған тұлғалардан арылғысы" келетіндігінің белгісі болуы мүмкін
"Ресей билігінің Суровикинді қамағаны рас болып шықса, бұл Кремль "бар кінәні" Суровикин мен оған қатысты тұлғаларға жабу арқылы Ресей әскері мен ішкі қауіпсіздік органдарының бүлік кезіндегі әлсіздігін ақтап алу талпынысынан хабар береді" деп жазады сарапшылар.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігіне жақын дереккөздерге сүйенген The Moscow Times сайты Ресей армиясының генералы Сергей Суровикин қамауға алынғанын хабарлаған. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Суровикиннің өзі соңғы рет жұрт алдына 23 маусымда шыққан. Ол кезде ол видеомәлімдеме жазып, "ЧВК Вагнер" әскерін райынан қайтаруға шақырған. Қазір оның қайда екені белгісіз.
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасы бойынша 16 жылға сотталған тараздық Ербол Жұмановтың қорғаушысы Жалғас Сапарханова бірінші инстанциядағы істе басты куәгерлердің бірінен сот залында жауап алынбағанын, істегі бейнежазбалардың тиісті деңгейде сараланбағанын, ғимаратты қорғауға келген әскерилердің барлығынан жауап алынбағанын айтты.
Бұған қоса, Сапарханова Жұмановтың туыстарымен бірге Тараздағы ҰҚК ғимараты маңында тұратын үйлерді аралап шығып, оқиға кезінде атылған оқтарды жинап алған. Қорғаушы олардың айғақ зат ретінде тіркелуін талап етіп отыр. Жұмановтың заңды өкілі Ержан Жұманов та соттан осы мәселелерге назар аударуды сұрады.
t.me/azattyq
Сенат депутаттары Назарбаевты оның атындағы мектеп, ЖОО мен қордың жоғары кеңесінің басшысы мәртебесінен айыратын заң жобасын қабылдады
"Назарбаев университеті" (НУ), "Назарбаев зияткерлік мектептері" (НЗМ) және "Назарбаев қорының" мәртебесі туралы заңға түзетулер енгізілді. Құжатқа сәйкес, дербес білім беру ұйымдарының жоғары қамқоршылық кеңесін құру жөніндегі өкілеттік мемлекет басшысына жүктеледі. Бұл туралы "Информбюро" хабарлады.
Заңға сәйкес, Қазақстан президенті немесе президент тағайындайтын тұлға жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы болады, бұған дейін оны экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған.
Осыған дейін жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), қазақстандық Vlast.kz және қырғызстандық Kloop.kg басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің атындағы қорлар арқылы ірі активтерді бақылап отырғанын анықтаған.
🔗 Зерттеуді оқыңыз
t.me/azattyq
Парламент жалған ақпаратқа айыппұл салатын заң жобасын қабылдады
Сенат депутаттары екі оқылымда онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады. Құжатқа сәйкес, онлайн-платформалардың иелері мен өкілдері “шындыққа сәйкес емес ақпаратты” өшіруге міндетті.
Заң жобасына "блогер" мен "инфлюенсер" терминінің анықтамасы, одан бөлек онлайн-платформаларда жарнаманы маркалау міндеттемесі енгізіледі.
Заң сонымен бірге онлайн-платформалардың интерфейстерінде міндетті түрде қазақ тілінде ақпарат болуын қарастырады.
t.me/azattyq
Төтенше жағдай министрлігі Алматы облысында қамыс өрті әлі сөндіріліп жатқанын хабарлады
Ведомствоның айтуынша, Іле-Балқаш резерватындағы қамыс өртіне өрт сөндіру техникасы жете алмағандықтан “қолмен сөндіріліп жатыр” яғни, мотопомпа, бекініс құрал-саймандары қолданылып жатыр. Өрт сөндіруге тікұшақ, 80 адам, 22 техника жұмылдырылған.
“Өрт аумағын резерват жұмысшылары анықтайды” деп жазды.
Министрліктің баспасөз қызметі таңертең "бір күн бұрынғы мәлімет бойынша 100 гектар аумақ өртеніп жатқанын" айтқан.
Бұған дейін журналист Кирилл Павлов спутник суреттеріне сүйене отырып, “27 маусымда 10 мың гектардан астам аумақ өртенді” деп жазған еді. Ол өрттің даму динамикасын да жариялаған.
t.me/azattyq
Сенат заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы заң жобасын мақұлдады
Заң жобасының негізгі мақсаты "заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру" деп айтылады.
"Заңсыз алынған активтерді қайтару туралы" заң жобасын бұған дейін белсенділер мен сарапшылар да сынаған. Бұған дейін Elge Qaitaru қоры "заңсыз шығарылған активтерді қайтару" туралы заң жобасында кемшілік көп екенін айтқан. Алайда заң жобасына айтарлықтай өзгеріс енгізілмеді. Қоғам белсенділерінің пікірінше, "құжат мемлекетті тонағандарға жауаптан жалтаруға мүмкіндік береді, тіпті заңсыз алған активтерін заңдастыруға жағдай жасауы мүмкін" деген қауіп айтқан.
t.me/azattyq
Стокгольм полициясы қала мешіті маңында кезекті Құран өртеу акциясына рұқсат етті
Полиция өз шешімінде Швеция әкімшілік сотының қаулысына сүйенген. Сәуір басында әкімшілік сот Швеция сыртқы істер министрлігінің Құран өртеу акциясына тыйым салу туралы шешімінің күшін жойған. Сот жиналу еркіндігі Швецияның Конституциямен қорғалғанын атап өткен.
Қаңтар соңында Стокгольмде әсіреоңшыл белсенді Расмус Палудан Түркия елшілігі алдында Құранды өртеген. Бұдан соң Анкара Швецияның НАТО-ға қосылу туралы өтінішін мақұлдамай қойған. Біраз уақыттан соң екі ел арасында келіссөз жалғасты, алайда Түркия Швецияны солтүстікатлантикалық одаққа қосуға келісім берген жоқ.
t.me/azattyq
Мәскеу соты бұрын Group-IB деп аталған ресейлік компанияның қызметкері Никита Кислицынды сырттай қамау туралы шешім шығарды
Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі хабарлады. Кислицын өткен аптада АҚШ сұрауымен Қазақстанда ұсталған.
F.A.C.C.T. (бұрынғы Group-IB) компаниясының күрделі кибершабуылмен күрес жөніндегі департамент жетекшісі Никита Кислицын Ресейде "заңмен қорғалған компьютерлік ақпаратқа қол жеткізу" ісі бойынша іздеуде болған. Бұған қоса "бопсалау" бойынша да күдікке ілініп отыр.
Кислицынның АҚШ сұрауымен 22 маусымда Қазақстанда ұсталғанын F.A.C.C.T. компаниясы 28 маусым күнгі хабарламасында жариялады. Компания Кислицынды 10 жыл бұрын журналист болып жүрген кездегі жұмысына қатысты ұстағанын, ал Қазақстанда оны ұстауға "ешқандай негіз болмағанын" жазады.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
Зеленский Украинада ағылшын тілінің мәртебесін бекітуді ұсынды
Құжатқа сәйкес, ағылшын тілін шенеуніктер, әскери офицерлер, полицейлер, салық және кеден орган қызметкерлері, мемлекеттік сектор субъектілері білуге тиіс.
Мемлекеттік органдар халықаралық құжаттарды аудармасыз қабылдауға тиіс.
t.me/azattyq
Қазақстандағы ең үлкен мешітте Құрбан айт намазы оқылды
28 маусым – Құрбан айт күні Астанадағы бас мешітте де мерекелік намаз оқылды. Былтыр ашылған жаңа мешіт сәулетімен ерекшеленіп, туристер жиі баратын нысанға айналды. Құлшылық орны Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған.
📸:ФОТОГАЛЕРЕЯ
АҚШ "Вагнерге" қатысы бар компаниялар мен тұлғаға тағы санкция салды
Бұған дейін АҚШ, Еуроодақ, Канада және Ұлыбритания Пригожинге санкция салған.
"Қаржы министрлігінің санкциялары ЧВК "Вагнерді" қаржыландыруға қатысатын негізгі ұйымдар мене тұлғалардың жұмысын қиындатады" деді терроризм және қаржылай барлау мәселелері жөніндегі АҚШ қаржы вице-министрі Брайан Э. Нельсон.
Оның сөзінше, "Вагнер" Орталық Африка республикасы мен Малидің табиғи ресурстарын пайдалану есебінен өздерінің заңсыз операцияларын қаржыландырады. АҚШ "Вагнер" тобының кірісін бақылап, осылайша Африка, Украина және өзге елдердегі озбырлық әрекеттеріне кедергі жасайды, деді министрлік өкілдері.
t.me/azattyq
Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Краматорск қаласына ракетамен соққы жасады
Қаза болғандар саны 8 адамға жетті, 60 адам жараланды.
t.me/azattyq
Алматыда полиция белсендіге "Халық парламенті" жиынына қатысқаны үшін хаттама толтырды
Медеу аудандық полициясы белсенді Жарқын Күреңтаевты "Тіркелмеген ұйымның жиынына қатысты" деп айыптады.
"Маған қанша айыппұл салғанын айтқан жоқ. Бірақ алдын ала хаттаманы толтырып қойыпты. Хаттамаға қарасам, қорғаушы мен аудармашыны қажет етпеді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді деп жазып қойған. Бұл жерде заң бұзған мен емес, полиция өкілдерінің өзі" дейді белсенді.
Осыған дейін "Халық парламентінің" екі жиынына қатысқан белсенділер әкімшілік жазаға тартылған. Арасында Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Әлнұр Ілияшев, Инга Иманбай, Арайлым Назарова және өзге белсенділер бар.
t.me/azattyq
Қажылыққа апарған адамдары Сауд Арабиясында қамалды деген компания түсініктеме берді
Zam-zam store компаниясының өкілі Данияр Илиев Азаттыққа берген сұхбатында қажылыққа арнайы квота алмағанын мойындаған, бірақ бейресми түрде діни басқармадан қажылық виза алдық деген.
Оның айтуынша, компания қажылық визаны мүфтият өкілдерінен (қажылық бөлімі) алған. Әр визаның құны — 500 доллар.
"Видео, аудио дәлеліміз бар. Ақшасын қолма-қол төледік. Визаларды кім беріп отырғанын айта алмаймын. Құжатқа жауапты адамдар визамызды әуежайда берген" деді Илиев.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Zam-Zam Qazaqstan атты компанияның қазақстандықтарды қажылыққа апарып, Сауд Арабиясында олардың құжаттары дұрыс болмай шығып, қамалғаны хабарланған.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы компанияны “заң бұзды" деп айыптаған. Zam-zam store компаниясының өкілі "мүфтиятпен арамыз дұрыс емес" дейді.
Аталған компанияның қызметін пайдаланып, Сауд Арабиясында қанша қазақстандық қамалғаны белгісіз. Кей мәліметке қарағанда, олардың саны 100-ден асады.
Әзірге полиция бұл мәселе бойынша түсініктеме берген жоқ.
t.me/azattyq
Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда 120 мың адам жиналған митинг өтті. Шара «Корей соғысы» басталғанының 73 жылдығына арналды. Митингіге келгендер АҚШ-ты соғысқа «арандатты» деп айыптап, «АҚШ жері түгелдей біздің нысанада» деген плакаттар көтерді.
t.me/azattyq
Қазақстанның бірнеше өңірінде әкімдіктер Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеді
Белсенділер Ресей басқыншылығына 500 күн толуына орай 2 шілдеде митинг өткізбек болған. Бұл туралы желіде #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы хабарлады.
Петропавл әкімдігінің қызметкерлері жергілікті белсенділерге қаладағы Жеңіс саябағында митинг өткізуге рұқсат етпеген. Айтуларынша, 2 шілдеде саябақта "аға буынға арналған ретро дискотека" өтеді. Әкімдік өкілдері іс-шараның алдын-ала келісілгенін айтқан.
Көкшетау әкімдігі де "мәдени-қоғамдық шаралар өтетінін" алға тартып, соған байланысты митинг өткізуге рұқсат етпеген.
Ал Орал әкімдігі акцияны өткізу туралы хабарламада іс-шара туралы толық ақпарат берілмегенін айтып, белсенділердің митинг өткізу туралы өтініштерін орындамаған.
#БелсенділерЭкстремистЕмес құқық қорғау тобының мәліметінше, Орал, Көкшетау және Петропавл қалаларында белсенділердің 2 шілдеде бейбіт жиын өткізуге 8 өтініші қабылданбаған. Топ 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап Қазақстан бойынша Украинаны қолдау мақсатында соғысқа қарсы акция өткізуге 80 өтініш қабылданбағанын айтады.
Құқық қорғаушылар 2020 жылдың 30 шілдесінен қазірге дейін Қазақстан бойынша бейбіт жиын, шеру мен жеке пикет өткізуге кемінде 481 өтініш қабылданбағанын тіркеген, оның ішінде 481 өтініштің 106-сы 2023 жылы тіркелген.
t.me/azattyq
Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталғандардың апелляциялық шағымдары қарала бастады
Сәуірдің соңында бірінші инстанциядағы сот "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деп айыпталған төрт азамат Ербол Жұманов (16 жыл), Нұрахан Махатов (6 жыл), Жақсылық Абдуллаев (5 жыл) пен Айбол Сағынтайды (5 жыл) түрмеге кескен еді.
Бірақ бейсенбі күні 4 сотталушы сот залына әкелінген жоқ. Сотталғандардың қорғаушылары мен жақындары бұған наразылық танытты.
Процесте төрағалық етуші судья Нұрмахаммат Абидов мұны "істе жаңа дәлелдердің пайда болмауымен" түсіндірді. Мемлекеттік айыптаушы да судьяның бұл шешімін қолдап шықты. Ал қорғаушылар келіспеді.
Сотталушылардың адвокаттары да өздері қорғап отырған азаматтарды сотқа жеткізуді сұрады.
🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
Төтенше жағдай министрлігі Балқаш маңындағы қамыс өртін қалай сөндіріп жатқанын жариялады
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты іс сотқа жіберілді. Бұл ақпаратты Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан растады
"Адвокат қазір [істі сотқа жіберу туралы хабарламаны] жіберді. Шілдеде бастайтын шығар. Іс бойынша ештеңе өзгерген жоқ. Сол Жұман деген бір күдікті бар. Қалғандары куәгер ретінде өткен" деді бейсенбі күні Айдос Мелдехан Азаттық тілшісіне.
Тергеу органдары күдіктіні "билік өкілетін асыра пайдалану" бабымен жауапқа тартқысы келеді. Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп отыр.
Алматы гарнизоны әскери соты әзірге жауап бермеді.
t.me/azattyq
"Cенат депутаттары заң жобасын ешқандай толықтыру және өзгеріссіз қабылдады"
Бейсенбі күні "Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы" заң жобасын таныстырған сенат депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Андрей Лукин журналистерге заң жобасына қатысты "ешқандай сома, ешқандай аты-жөнді атай алмайтынын" жеткізді. Оның айтуынша, сенат заң жобасына ешқандай түзету енгізбеген.
"Заңды сенат депутаттары ешқандай толықтыру және өзгеріссіз қабылдады" деді депутат. Ол "Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару үшін барлық шара қолданылады" деді.
Бұған дейін бас прокуратура Қазақстанға 760 млрд теңге актив қайтарылғанын хабарлаған. Қай елден және кімнің активі қайтарылғаны туралы ақпарат ашық жарияланбаған.
Биыл сәуір айында Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары мәлімдемесінде Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған. Қордың сарапшылары активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан.
t.me/azattyq
ҚМДБ "қазақстандықтарды қажылық жасатамыз деп Сауд Арабиясына апарып, алдап кеткен" компания туралы айтты
Бұған дейін әлеуметтік желіде Zam-Zam Qazaqstan атты компанияның қазақстандықтарды қажылыққа апарып, Сауд Арабиясында олардың құжаттары дұрыс болмай шығып, қамалғаны хабарланған еді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы 29 маусым күнгі хабарламасында аталған компанияның қажылық бойынша қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы жоғын атап көрсеткен.
"Компания жетекшісі заң алдында жауап беруі тиіс" деген діни басқарма аталған компания ҚМДБ-ны "жалған қажылық квоталарын жасады" деп айыптағанын да жазған. Әзірге полиция бұл мәселе бойынша түсініктеме берген жоқ.
Видео: Instagram/Гүлмира Әбіқай
t.me/azattyq
Шымкент түрмесінен Лос-Анджелеске дейін. Эмиграцияға кеткен қаңтаршының хикаясы
Қайрат Сұлтанбек былтыр Қаңтар оқиғасына байланысты "бұзақылық жасады", "ғимараттарды басып алды" деген күдікке ілініп, соңында "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен 3 жыл 6 айға бостандығынан айырылған. 2022 жылдың қараша айында рақымшылыққа ілініп, түрмеден босатылған белсенді төрт күнде отбасымен бірге елден шығып кеткен. Қазір АҚШ-та мигрант.
"Демократия үшін" деп күрескен белсенді Қайрат Сұлтанбек бала-шағасымен тау-тасты кезіп, өзі аңсаған "еркін елге" жеткен. Ол – қаңтаршылар ішінде шетелден саяси баспана сұраған алғашқы адам.
"Ең бастысы – мұнда тәртіп, еркіндік пен бостандық бар. Қазақстанда соған жетуге талпынғаныммен нәтиже болмады ғой. Полиция жөн-жосықсыз үйіңді торуылдап, жеке өміріңе қол сұғатын елде тұрғым келмейді, адамға байлықтан гөрі еркіндік қымбат" дейді белсенді.
Қайрат Сұлтанбектің саяси белсенділік жолы туралы Азаттықтың бүгінгі мақаласынан оқыңыздар👇🏻
🔗Сілтеме
t.me/azattyq
Сауалнама: ресейліктердің 35% Украинаға басып кіру қателік болды деп есептейді
Әлеуметтік сауалнама жүргізген Russian Field компаниясының зерттеу қорытындысы осыны көрсеткен.
The Moscow Times басылымының жазуынша, соғыстың алғашқы айлары Украинамен соғысу туралы шешімге респонденттердің 26-28 пайызы қарсы болса, ал былтыр желтоқсанда 33 пайыз болған. Зерттеу басқыншылықты қолдамайтындардың көбейгенін көрсеткен.
Ақпаратқа қарағанда, "Украинаға басып кіру туралы шешімнен бас тартпаушы едім" деп жауап бергендер қатары алғаш рет 50 пайыздан түсіп, 49 пайызды құраған.
Сауалнамаға сәйкес, соғысқа қарсы көңіл-күй әсіресе 18-24 жас аралығындағы жастар арасында басым. 45 жастан асқандар арасында соғысты қолдайтындар көп.
t.me/azattyq
Алматы және Алматы облысында 7 полицей “пара алды” деген күдікке ілінді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, олар “бірнеше рет пара алды” деген күдікке ілінген.
“Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алған. Сонымен қатар инспекторлар жолда іс жүзінде құқық бұзушылық жасамаған азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденген” деп жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.
Іс сотқа жолданған деп айтылады.
t.me/azattyq
NYT: генерал Сергей Суровикин Пригожиннің жоспары жөнінде білген
Басылымның жазуынша, дегенмен мәліметтер Суровикин қорғаныс саласы басшыларын қызметтен кетіруді көздеген Пригожинге жоспарын жүзеге асыруға көмектесті ме, жоқ па, ол жағын нақты айта алмаған. Американың ресми тұлғалары бірнеше ресейлік генерал Пригожинді қолдаған болуы мүмкін деген тұжырым да жасайды.
Американың бұрынғы және қазіргі ресми тұлғаларына сүйенген басылым Пригожин билікте отырған өзге тұлғалар өзін қолдамаса, бүлікке бармас еді деп жазды.
t.me/azattyq
ҚАМАУДАҒЫ 90 КҮН. Журналист Думан Мұхаммедкәрім қалай істі болды?
Журналист, саяси белсенді Думан Мұхаммедкәрім кейінгі бір жылда төрт рет «бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен жиыны тоқсан күн қамауда отырды. Таяуда оған экстремистік баппен айып тағылып, тағы екі ай қамауға алынды.
📹КӨРУ
t.me/azattyq
Соғыс басталғалы бері Украинаның басып алынған аумағында Ресей кемінде 77 адамды дарға асқан
27 маусымда БҰҰ жариялаған баяндамада осындай мәлімет айтылады.
Баяндама авторларының айтуынша, дарға асылған 77 адамның бесеуі – әйел. Тағы бір адам "азаптаудан, қамау орнындағы адам төзгісіз жағдайдан немесе медицина көмегі берілмегендіктен" өлген.
Баяндамадағы мәліметтер 2022 жылдың 24 ақпаны мен 2023 жылдың 23 мамыр аралығын қамтиды. Осы уақыт аралығында БҰҰ 800-ден астам адамның ұсталғанын растай алған.
t.me/azattyq