Саясаттанушы: Қарулы бүлік Путин билігінің құлауын жылдамдатады
Саясаттанушы Аббас Галлямов Евгений Пригожиннің бүлігі Владимир Путин билігіне қалай әсер ететіні туралы ойларымен бөлісті
Воронеж облысының солтүстігінде “Вагнер” әскері бұзған жолдағы блокбекеттердің бірі деп айтылады (Видеода балағат сөздер бар)
Читать полностью…“Вагнер” колоннасы Липецк облысына жетті
“Вагнер” жалдамалы әскері Липецк облысының Елец қаласына жетті. Полицейлер қалаға кіреберіс жолды бекітіп тастаған. Бұл жөнінде куәгерлерге сүйенген "Вёрстка" хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, “Вагнер” әскері Елец қаласына кірмей, оны жанап өтетін жолдар арқылы негізгі “Дон” трассасына шығуды көздеп отыр.
Бұған дейін жалдамалы әскер Дондағы Ростов пен Воронеждегі әскери нысандарды бақылауына алғаны хабарланған еді.
“Вконтакте” желісіндегі “Вагнер” тобының парақшасы бұғатталды
Аталған желі парақшаны Ресей бас прокуратурасының талабымен жапқан. Дегенмен қазір желіде Пригожинге жақын өзге де пабликтер ашық тұр. Онда Телеграмдағыдай Пригожиннің аудиохабарламалары жарияланып жатыр.
Мәскеуге апаратын М-2 және М-4 автотрассаларының жабылғандығы қазір Google картасында осындай белгілермен тұр
Читать полностью…Мәскеуден Қазақстанға ұшатын ұшаққа билеттер тапшы
Ертеңгі рейстерге билеттер де көз алдымызда бітіп жатыр, деп жазды Kursiv сайты. Билет бірнеше есе қымбаттап кеткен.
Kaspi.kz мәліметінше, Мәскеуден Алматыға бірнеше ғана билет қалған, ұшу ұзақтығы 25 сағат. Құны 2,3 млн теңгеден басталады.
Ескерту: Кейін бұл ақпарат жоққа шығарылды. 24 маусым Алматы уақыты бойынша сағат 21:00-дегі жағдай бойынша Kaspi Travel қосымшасындағы мәліметке қарағанда, Мәскеу – Алматы бағыты бойынша билеттер 382 мың теңгеден (851 доллар) басталып, 1,4 млн теңгеге дейін барды.
Пригожин жаңа мәлімдемесінде "жолда бірде-бір адамды өлтірмегенін" айтады
“Ростовтағы штаб ғимаратын қарусыз басып алдық. Бірде-бір адамның жұмысына кедергі келтірген жоқпыз. Көшеде жұрт “Вагнердің” жалауын ұстап тұр” деді ол.
Пригожин сонымен бірге Телеграм-арналарда тараған Ростовтағы “мина шлагбаумы” туралы айтты. Оның айтуынша, “Вагнер” тобы қалаға кірген кезде “ебедейсіз төселген” шлагбаумды алып тастаған.
Oryx жобасы “Вагнер” тобы мен Ресей әскерінің қанша техника жоғалтқанын санады. Бұл жөнінде “Настоящее время” арнасы хабарлады.
▪Ресей әскері бір Ил-22 ұшағы, үш тікұшақ, бір әскери техника, бір әскери КамАЗ-нан айырылған: авиация жойылған, ал көліктерді “Вагнер” тобы тартып алған.
▪“Вагнер” тобы бір УАЗ көлігінен айырылған.
Ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай тұр
Воронеждегі мұнай қоймасын атқылау және “Вагнер” тобының тікұшақты атып түсіруге тырысуы
Телеграмда Ресей әуе-ғарыш күштеріне тиесілі Ка-52 тікұшағының “Воронеждегі мұнай қоймасына соққы жасағаны” туралы видео (“Вагнер” тобында Ка-52 тікұшағы жоқ) жарияланды.
Кей ақпаратқа қарағанда, тікұшақ “Вагнер” әскеріне мұнай қоймасын басып алуына кедергі жасауға тырысқан. Бұл ақпаратты тексеру мүмкін болмады.
Бұған қоса, әлеуметтік желіде “Вагнер” әскерінің тікұшақты атып түсіруге ұмтылғаны туралы видео да жарияланды.
Бүгін Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен және Өзбекстан президенті Шавқат Мирзияевпен сөйлесті - Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Читать полностью…Ресей аймақтарының басшылары, сондай-ақ парламент палаталарының төрағалары президент Владимир Путинге қолдау білдіріп, бірінен соң бірі мәлімдеме жасап жатыр. Олар жұртты “президент маңайына топтасуға” шақырады. Путинді қолдауға үндеушілер арасында Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, Мәскеу мен Русь патриархы Кирилл де бар.
Читать полностью…Владимир Зеленский Ресейдегі қарулы бүлік жөнінде:
“Ресей өзінің әлсіздігін және басқарудағы ақымақтығын ұзақ уақыт пропагандамен жасырып келді. Енді хаостың көптігі сонша оны ешқандай да өтірік бүркей алмайды. Және осының барлығының артында бір ғана адам тұр, ол 1917 жылмен қайта-қайта қорқыта береді. Басқа нәрсеге жетелеуге шамасы да жетпейді. Ресейдің әлсіздігі айқын. Ресей біздің жерімізде өз әскері мен жалдамалы қызметкерлерін неғұрлым ұзақ ұстаған сайын хаос та соғұрлым тереңдей береді. Бұл айқын нәрсе”
Воронежде мұнай қоймасы өртеніп жатыр. Қалаға “Вагнер” жалдамалы әскері жылжып келе жатыр, деп жазды Sota арнасы.
Өзге Телеграм-арналар да қоймадан қара түтін будақтап шығып жатқаны туралы видеоларды жариялады.
Евгений Пригожин жаңа мәлімдеме жасады. Ол берілмейтінін айтты
Алдыңғы аудиолары сияқты бұл жолғы мәлімдемесін де “Пригожиннің баспасөз қызметі” таратты. Онда Пригожиннің дауысына ұқсас адам сөйлейді.
“Президент отанға сатқындық жасады деген жерінде қателесті. Біз отанымыздың патриотымыз, соғыстық, қазір де соғысып жатырмыз және ешкім де президент, ФСБ болмаса тағы басқа біреудің талабына бас иіп, берілейін деп отырған жоқ. Себебі біз мемлекеттің жемқорлыққа, бюрократия мен өтірікке малданған күйі өмір сүргенін қаламаймыз” деді.
Әрі қарай Пригожин атын атамаған біреу Африкаға бөлген ақшаны “ұрлағанын” алға тартып, қазір де Украинадағы соғысқа бөлінген қаражат қолды болып жатқанын айтты.
Рамзан Қадыров “Вагнер” тобының әрекетін қарулы бүлік деп атады
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров “Вагнер” жетекшісі Евгений Пригожиннің жетекшілігімен жасалған қарулы бүлікті “жексұрын сатқындық” деп атады. Ол Путиннің мәлімдемесіндегі “әрбір сөзді қолдайтынын” айтты.
“Бұл тұтқиылдан соққы және нағыз қарулы бүлік. Тарих мұндай әрекеттер қантөгіске апаратынын көрсетті. Арнайы әскери операциядан жоғалтқанымыз аз ба еді? Енді елдің ішінде бүлік шығару керек пе? Мұндай әрекетті ақтауға болмайды” деп жазды Қадыров Телеграм-арнасында.
Оның айтуынша, Шешенстан республикасындағы қорғаныс министрлігі және Росгвардия жасағы оқиға болып жатқан өңірлерге жеткен.
Ол “тіпті қатаң шараны талап етсе бүлікті басу керек, оған біз дайынбыз” деп жазды Қадыров.
Мәскеуде бірқатар қоғамдық орындарға “мина қойылғаны” жайлы ақпараттан кейін жұрт эвакуацияланған
Пушкин музейі, Третьяков галереясы, ГЭС-2 музейі, “Мега Белая Дача”, “Квартал” сауда орталықтарынан адамдар эвакуацияланды, деп хабарлады BBC арнасы.
Липецк облысының губернаторы Игорь Артамонов облыс аумағынан “Вагнер” әскері жылжып бара жатқанын растады. Ол күштік органдар тиісті қауіпсіздік шарасын қолданатынын айтып, тұрғындарды үйлерінен шықпауға үндеді.
Читать полностью…BBC сарапшысы Илья Барабанов “Вагнер” жетекшісі Евгений Пригожин бүлігінің мақсаты туралы айтады
Оның айтуынша, жұма күні кешке Пригожин Шойгу мен бас штаб жетекшісі Герасимовті қызметінен кетіруді көздеген. Алайда оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, Путин бүгін оның әрекетін “сатқындық” деп бағалағаннан кейін бүліктің мақсаты өзгерген болуы мүмкін.
Путин Пригожиннің талаптарын орындап, қорғаныс министрлігі басшыларын отставкаға кетірсе де, саяси дағдарыс мұнымен бітпейді, деп санайды сарапшы.
“Ресей армиясы Мариуполь, Попасная немесе Бахмутты жермен-жексен еткенде Путин (Белгород облысындағы) Шебекиноның осылайша отқа оранатынын білді ме екен. Путин 8 жыл бойы Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарға Ресейдің қатысы барын мойындамай, онда “азаматтық соғыс жүріп жатыр” деп айтқан кезде Дондағы Ростовты уысынан шығарып аламын, жалдамалы әскер осылайша Мәскеуге қарай жорыққа шығады деп ойлады ма екен. Евгений Пригожин әзірге жаңа мақсат қойған жоқ, бірақ оны енді Мәскеуге жорығының нәтижесі анықтайды” деп жазды сарапшы.
“Егер “Вагнер” жорығы сәтті шықса, Пригожиннің саяси талаптары әлдеқайда радикал болуы мүмкін” деп санайды Илья Барабанов.
Мәскеудің екі тергеу изоляторында тұтқындар бүлік жасады деген ақпарат әзірге расталмады, деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі
Читать полностью…Мәскеуден Санкт-Петербургке қарай үш арнайы ұшақ ұшып шыққан. Мұны “Настоящее время” және Азаттықтың Орыс қызметінің “Система” жобасы хабарлады.
Ұшақтардың бірі – RA-96022 нөмірлі президенттік ИЛ-96 ұшағы. 2022 жылы қыркүйекте Владимир Путин дәл осы ұшақпен Самарқанға барған. Тверь аумағында ұшақ төмендеп, бұдан соң транспондерін өшірген. Бұл оның Хотилово-2 әскери аэродромына кетіп бара жатқанын дәлелдейді, деп жазды жоба өкілдері. Бұл Валдай резиденциясына жақын аэродром.
Санкт-Петербург жаққа қарай сонымен бірге RA-64520 нөмірлі ТУ-214-ПУ ұшағы да кеткен.
Ал RA-73025 нөмірлі үшінші ұшақ Airbus A319 Пулково әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 15:01-де қонған. Бұрын бұл ұшақты Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пайдаланған.
Бұған дейін Песков журналистерге Путин “Кремльде жұмыс істеп жатыр” деген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Путин мінген ұшақ Санкт-Петербургке ұшып кетті деген ақпаратты терістеді
“Путин Кремльде жұмыс істеп жатыр” деді Песков. Оның сөзін ТАСС агенттігі жариялады.
Бұған дейін бірқатар Телеграм-арналары Путин мінген ұшақтың Мәскеуден ұшып шыққанын жазған.
Роскомнадзор контртеррористік операция режимі енгізілген аймақтарда интернет-ресурстардың жұмысы шектелуі мүмкін екенін ескертті
Бұған дейін ақпарат құралдары ресейлік қолданушылар Telegram-ның дұрыс істемей жатқанына шағымданғанын жазған.
Интернет баяулағанын Мәскеу, Петербург және өзге қала тұрғындары хабарлады.
RT: Ростовта оңтүстік әскери округ штабында жарылыс болды
Жарияланған видеода адамдардың жүгіріп бара жатқаны көрінеді.
BBC сарапшысы Павел Аксенов Ресей күштерінің “Вагнер” тобын жоюға шамасы жете ме деген сұрақ төңірегінде пікірін жариялады
Сарапшының пікірінше, Путин мәлімдемесінде айтылғандай “шешуші қадамдар арқылы” аталған топты жою оңай болмайды. Себебі біріншіден, “Вагнер” құрамына елдің ірі қалаларындағы күштер кіреді. Ростовта “вагнерліктер” негізгі әскери нысандарды бақылауына алған.
“Бахмуттағы соғыстан әскери тәжірибесі бар бүлікшілер қорғанысқа көшіп, Ростов немесе Воронежде соғысса не болады? Бұл екінші мәселе. Мәселе Ресейдің кемінде бір қаласын қарулы топтың басып алғандығында емес, олардың тәжірибелі әскер екенінде” деді Аксенов.
Сарапшының айтуынша, әскери компанияның қалай қаруланғанын бағалау қиын, алайда бірнеше ресейлік тікұшақты атып түсіруіне қарағанда оларда тіпті әуе қорғаныс жүйесі де болуы мүмкін. Әрине, әскер және техника саны жағынан басымдық Ресей қорғаныс министрлігі жағында болып тұр. Алайда тәжірибелі, дайындықтан өткен жауынгерлермен соғысу адам шығынынсыз болмайды.
Егер Ресей армиясы артиллерия мен авиация қолданса, жағдай тіпті ушығуы мүмкін. Егер “Вагнер” өз еркімен қаруларын тастамаса, Ресей басшылығының жағдайы қиындай түседі, деп түйіндейді сарапшы.
Ресей банктері шетел валютасының бағамын бірден көтерді. Көбінде 1 АҚШ доллары 90 рубльден, 1 еуро 100 рубльден асып кетті. Бұл жөнінде Ресей билігіне жақын ақпарат агенттіктері жазды.
Читать полностью…Тоқаев Ресейдегі қарулы бүлік туралы: Бұл Ресейдің ішкі мәселесі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Путин оған Ресейдегі жағдайды айтқан.
“Қасым-Жомарт Тоқаев қазір болып жатқан оқиға Ресейдің ішкі мәселесі екенін атап өтті. Конституциялық тәртіп пен заң үстемдігі – елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың басты шарты. Бұл – қоғамның қауіпсіздігі мен оның табысты дамуының негізі. Владимир Путин Ресейде алыптасқан жағдайға Қазақстанның түсіністік танытқаны үшін алғыс айтты” деп жазылған хабарламада.
Мәскеу облысында үш трасса жартылай жабылды
Мәскеу маңында М-4 “Дон”, М-5 “Орал” және М-2 “Қырым” трассалары жартылай жабылды, деп хабарлады Мәскеу облысының көлік басқармасы.
Бұған қоса, Ярослав шоссесі де ішінара бекітілген. Бұған дейін Воронеж облысында М-4 “Дон” трассасының 464 пен 777-шақырымындағы бөлік жабылғаны хабарланған еді.
Губернатор: Воронеж облысында “жедел-әскери шаралар” жүріп жатыр
Контртеррористік операция аясында Воронеж облысында тиісті жедел-әскери шаралар жүріп жатыр, деп хабарлады облыс губернаторы Александр Гусев
Reuters және BBC дереккөздерінің жазуынша, Воронежде “Вагнер” жалдамалы әскері барлық әскери нысанды бақылауына алған.
Ал губернатор Александр Гусев облыс аумағында әскери техника жылжып келе жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Ростов пен Воронеж арасындағы Верхний Мамон ауылы жақта жарылыс, атыс естіліп жатыр. Ұшақтар байқалған. Ауыл “Дон” трассасына жақын жатыр. Воронеж облысындағы трассаның 464 пен 777-шақырым бөлігі жабылған.
Еуроодақ елдері Ресейдегі жағдайды бақылап отырғанын хабарлады, алайда ешқайсысы толымды пікір айтқан жоқ
“Президент жағдайды өте мұқият бақылап отыр. Біз бұрынғыша Украинаны қолдауға көңіл бөлеміз” деді Елисей сарайындағы француз үкіметінің өкілдері.
Польша президенті Ресейдегі жағдайға байланысты премьер-министр, қорғаныс министрі және одақтастарымен кеңес өткізген.
“Шығыс шекарадағы жағдайды тұрақты бақылап отырмыз” деп жазды Анджей Дуда Twitter-де.
НАТО өкілі де Financial Times-қа жағдайды бақылап отырғанын айтқан.