azattyq | Новости и СМИ

Telegram-канал azattyq - Azattyq - Азаттық

11875

Тәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат! Radio Azattyq на русском ➡️ @radioazattyq ❗Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз. 📍Website: https://www.azattyq.org 📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/

Подписаться на канал

Azattyq - Азаттық

⚡️ AzattyqLIVE: Тоқаевтың төрт жылы. Қаңтар қырғыны, қымбатшылық, сайлаулар мен уәделер...

Бүгін – 9 маусымда, Азаттықтың Алматы студиясында сағат 14:00-де AzattyqLIVE тікелей эфирі өтеді.

Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда президент сайлауы болған. Сол кезде ресми мәлімет бойынша 71 пайызға жуық дауыспен Назарбаевтың мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Соңғы төрт жылда Тоқаев билігі не істеді? Халық тұрмысы өзгерді ме? «Жаңа, әділетті Қазақстан құрамыз» деген президент уәдесі қаншалықты іске асты? Қаңтар қырғынының шындығы ашылды ма? Сыртқы саясаттағы проблемалар қандай?

Осы және өзге сауалдарға шолу жасап, жауап беруге студияға саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт келеді. Тікелей эфирді Азаттықтың әлеуметтік желідегі парақтарынан көріп, сұрақ қоюға болады 👇🏻

🔗Сілтеме

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Астанада митингіге шықпақ болған белсендіні полиция ұстап әкетті

9 маусымда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілі Венера Жанбаева әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, митингіге шығатынын айтқан. Белсенді үйінің алдында өзін жай киімдегі адамдар жеке көлікпен күтіп отырғанын видеоға түсірген.

Видеода белсендінің артынан ер адамдар қуып бара жатқаны байқалады. Видео сол жерден үзіледі. #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы белсенді ұсталғанын хабарлады.

Венера Жанбаева видеода өзін кеше, 8 маусымда полицейлер жұмысынан алып кеткенін айтады.

Астанада халықаралық форум өтіп жатқан тұста полиция кешеден бері Алматы мен Астанада белсенділерді ұстай бастаған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 8 маусымда екі қалада кемінде 14 адам ұсталған. Ақпаратқа қарағанда, белсенділерді полиция үш сағаттан артық уақыт "заңсыз ұстап", хаттама толтырмай, кешке қарай босатқан.

Полиция әзірге ұсталғандарға қатысты түсініктеме бермеді.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Абай облысында орман өртіне байланысты үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кетті

Облыстық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылдарының тұрғындары баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Олар қазір туыстарын сағалап отыр.

9 маусымға қараған түні Бородулиха ауылындағы мектеп пен колледжден эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған. Өртті сөндіруге шамамен өртпен күрес қызметінің жеке құрамының 300 өкілі, 70 шақты техника, үш тікұшақ жұмылдырылғаны айтылады.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Бестөбеде полиция мәдениет үйі алдында тұрған халықтан тарауды талап еткен

Алайда тұрғындар наразылығын жалғастырып жатыр.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

WSJ: Қытай АҚШ-ты бақылау үшін Кубадан құпия база ашпақ

Қытай Кубада АҚШ-ты бақылауға мүмкіндік беретін құпия база ашады. Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) басылымы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Пекин мұндай нысанын Кубада орналастыру үшін Гаванаға бірнеше миллиард доллар береді. База радиолокациялық бақылаумен шұғылданып, түрлі байланыс каналдары, оның ішінде спутник арқылы жүргізілетін сөйлесулерді ұғуға лайықталған.

Дереккөз мәліметінше, Қытай нысаны АҚШ-тың Флорида штатынан 160 шақырым қашықтықта жайғасып, ол жақтағы америкалық әскери базаларға және кемелердің қозғалысын бақылауға да мүмкіндік береді.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Тоқаевтың төрт жылы: сынағандарды қудалау, адам құқықтарын таптау, оппозициясыз сайлау, іргесі сөгілмеген авторитаризм

Бүгін – Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет президент сайлауына түсіп, жеңіп шыққан күн. Елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда кенет биліктен кеткен соң президенттікке келген ол осы күні сайлауға түсіп, жеңіп шыққан. Төрт жылда не өзгерді? Шолып шығайық.

🔗Сілтеме

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 8 маусымда ұсталған белсенділердің тізімін жариялады.

Ондағы мәліметке қарағанда, Алматыда 5 адам: Әсет Әбішев, Бибігүл Иманғалиева, Күміс Құлманова, Бауыржан Ахмедов, Сағадат Тәукебаева, Астанада 9 адам: Сейілхан Түсбеков, Мереке Нұғыманов, Эльвира Бекзадина, Венера Жанбаева, Ғалия Тамабаева, Әлішер Әбірахмонов, Бейбіт Тұрсынов, Әсел Оңланбекқызы, Мұратхан Мерон ұсталған.

Бұған дейін бірқатар белсенділер Астана халықаралық форумына орайластырып, саяси тұтқындарды босатуды, оның арасында Марат Жыланбаевты да босатуды талап етіп, митинг өткізетінін мәлімдеген. Олар осылайша шетелдік саясаткерлер мен дипломаттардың назарын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына аудартқысы келген.

Алайда олар бейсенбі күні таңертеңнен бері ұстала бастаған.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

8 маусымдағы маңызды жаңалықтар дайджесі:

📌 Тоқаев Алтай Көлгіновті премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатты. Көлгіновтің орнына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тағайындалды

📌 Халықаралық форумға орайластырып митинг өткізбек болған белсенділердің алды ұстала бастады

📌 Оралда "сепаратизм" және "алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған екі адамға үкім оқылды

📌 Агенттік: Нұржан Әлтаев "Атамекеннің" бұрынғы басшысы Мырзахметов ісі бойынша күдікке ілініп отыр

📌 Назарбаев университетінің қаржысы тексеріледі

📌 Ақтауда Каспий теңізінің тартылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Ақтауда Каспий теңізінің тартылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды

«7 маусымнан бастап жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды» деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдай режимі Маңғыстау атом энергетика комбинатының жұмысына әсер етпейді деп айтылды. Сонымен қатар қаланы электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету қалыпты жағдайда жүргізіле береді.

8 маусымда экология министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізіне қатысты жағдайға түсініктеме бере отырып, Каспийдің экожүйе ретіндегі жағдайы «өте күрделі» екенін растады.

«Бірқатар фактор бар. Біріншіден, өзендер ағынының бәсеңдеуі байқалады. Каспий – тұйық су айдыны. Өзен сулары тұрақты келіп тұрмаса, суқойманың жағдайы қиын болады. Каспийге құятын өзендердің жағдайын көріп отырмыз. Кез келген өзгерістің әсері бар», - деп келтіреді Ulysmedia.kz министрдің сөзін.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Украинадағы Каховка СЭС-і бөгетінің жарылғанға дейінгі және кейінгі көрінісі. Спутниктен түсірілген суреттер

Днепрдің сол жағы Ресей бақылауында. Қазір бұл өңірде төтенше жағдай енгізілген. Ресейдегі ТАСС агенттігінің жазуынша, 3000-ға жуық үйді су алған, 1,5 мың адам құтқарылған.

Ал өзеннің Украина бақылайтын оң жағасында 80 елді мекенді, 2000-ға жуық үйді су басып қалған. 1400-ден астам адам құтқарылған.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

"Қылмыскер қалай депутат болды?" Шымкент соты мәжіліс депутаты арызданған белсендінің ісін қысқартты

26 мамырда Шымкент қаласының тұрғыны Нұркен Айнабеков Facebook-тегі парақшасында "Қылмыскер қалай депутат болды?" деген тақырыппен жазба қалдырған. Онда Болатбек Нажметдинұлы "парақорлық және контрабандалық қылмыс жасағаны үшін" сотталғаны, сот қаулысының күші жойылмағаны жазылған және бұл туралы өзге жазбалар тіркелген.

Осыдан кейін Нажметдинұлы Айнабековті "жала жапты, іскерлік беделім мен ар-намысыма, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп айыптап, сотқа шағым түсірген.

Шымкент соты мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының бұрынғы кәсіпкер, белсенді Нұркен Айнабековтің үстінен жазған арызы бойынша істі қысқартты.

Толығырақ білу үшін сілтемеге өтіңіз.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Назарбаев университетінің қаржысы тексеріледі

Бұл жөнінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан халықаралық форум кулуарында мәлімдеді. Оның айтуынша, дегенмен университетті қаржыландыру тәртібі өзгермейді.

"Кадрлардан айырылып қалуға болмайды. Заманауи зертханалар бар. Қаржыландыру тәртібі бұрынғыша қалады. Алайда бізге талдау жүргізу керек. Оның нәтижесіне қарай шешім қабылдаймыз. Басшылық ауысып жатқанын білесіз. Конкурс жарияланды. Осы конкурс негізінде басшылық тағайындалады, сосын талдау жасаймыз" деді министр.

Оның сөзінен үзіндіні "Ұлысмедиа" сайты келтірді. Назарбаев университеті төңірегіндегі өзгерістерге тоқталған министр "басты мақсат – оқу орнының әлеуетін сақтап, жаңа ғылыми деңгейге жеткізу" деді.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Белсенді саябақ маңынан өтіп бара жатқанда видеодан белгісіз адамдардың рация арқылы сөйлесіп, "алып кетіңдер" дегені естіледі. Өздерін таныстырмаған адамдар белсендіден құжатын сұрап тоқтатқан. Ізінше белсендінің ұсталғаны белгілі болды.

Халықаралық форум өтіп жатқан тұста осы шараға орайластырып митинг өткізбек болған бірқатар белсенділердің ұсталғаны хабарланған.

Әзірге нақты қанша белсенді ұсталғаны белгісіз. Ақпаратқа қарағанда, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдері Мереке Нұғманов пен Эльвира Бекзадина да байланысқа шықпай қалған.

Белсенділерді полиция қызметкерлері ұстаған, олар қазір қайда екені белгісіз.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Ақмола облысы: Бестөбеде халық мәдениет үйіне жиналып, кеніш мәселесін шешуді талап етті

Жұрт жергілікті кеніште өндірісті бастау мәселесі шешілмейінше тарқамайтынын айтты.

Жиналғандар арасында жұмыссыз бос тұрып қалған "Алтыналмас" компаниясының кеншілері де бар. Олар премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға үндеу жолдады. Тұрғындар осындағы шахтаны іске қосып, одан жерасты суын сорғызуды талап етті.

Олар ауыл маңындағы кең байыту фабрикасын өзге жаққа көшіруді сұрады. Наразылар түн ортасы болса да, орындарынан қозғалмады. Бірі мәдениет сарайының ғимаратында, қалғандары көшеде тұрды. Оқиға орнында билік өкілдері мен тәртіп сақшылары көп жүрді.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Алматыда полиция белсенді Әсет Әбішевті ұстаған сәттің видеосы

"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозияциялық партиясы ұйымдастыру комитетінің лидері Әсет Әбішевті үйінен шыққанда қарапайым киімдегі бірнеше адам мен полиция қызметкерлері күтіп тұрған

Белсенді екі полиция қызметкерінен өздерінен таныстыруды сұраған. Полицейдің бірі құжатын көрсеткен, ал екіншісі құжатын көрсетпей белсендінің қолындағы телефон камерасын жауып тастаған.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

"Басын унитазға тықты". Өскеменде тұрғындар жақындары қамауда азапталғанын айтып, наразылық білдірді

Кеше, 8 маусымда өткен митингіде "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының "қаржы жымқыру" ісі бойынша тергеліп жатқан топ-менеджерлерінің туыстары түрмедегі азаптау жөнінде айтты.

"2021 жылы 25 қаңтарда оларды (Шығыс Қазақстанда "Бипэк-Авто – Азия-Авто" компаниялар тобының "қаржы жымқыру" ісі бойынша тергелген сегіз топ-менеджері – ред.) басына қап кигізіп, Семейден Астанаға жеткізді. Астанадағы №12 тергеу изоляторына алып барды. Онда басынан, аяқ-қолынан ұрған. Бастарын унитазға батырған. Таңғы сағат 6-дан түнгі сағат 2-ге дейін бір сызықтың бойында тұруға мәжбүрлеген" деді іс бойынша күдікке ілінген менеджерлердің бірі Игорь Потаповтың әйелі Надежда Потапова.

Толығырақ оқу үшін сілтемеге өтіңіз.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Америкалық отбасы асырап алған қазақ ет жақындарын іздейді

22 жыл бұрын америкалық отбасы асырап алған Сардар есімді қазақ баласы өзінің қаны бір жақындарын іздеп, Қазақстанға келді. Ол өзінің Қазақстаннан екенін бала кезінен білгенін, туыстарын табуды мақсат еткенін айтады. Сардар Тараздағы бөбектер үйінен және қалалық архивтен мәлімет іздеп, анасы болуы мүмкін үш әйелді анықтаған. Бірақ олар Сардардың анасы болмай шыққан. Қазір ол АҚШ-қа қайтып кетті. Бірақ жергілікті журналистің және заңгердің көмегімен іздеуді жалғастырып жатыр.

Видео: “Мигрант Медиа”

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Зерттеу: Шойгудың ұлы мобилизация басталардан бірнеше күн бұрын Ресейден кетіп қалған

Алексей Навальныйдың командасы Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың некесіз туған ұлы, 22 жастағы Данила Шебунов туралы зерттеу жариялады. Онда министрдің ұлы Мәскеу орталығындағы екі кеңсені жалға беруден "миллион рубль" пайда табатыны жазылған.

Зерттеу авторларының жазуынша, Шойгудың ұлы былтыр қыркүйекте Владимир Путин мобилизация жарияламай тұрып бірнеше күн бұрын Ресейден Түркияға кетіп қалған.

Толығырақ білу үшін сілтемеге өтіңіз.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға баруға дайындалып жатыр

"Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында ереуілге шығып тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары билік және "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен арада болған келіссөз сәтсіз аяқталғанын хабарлады.

Мұнайшылар "құрал-жабдығы жаңартылмаған, жұмысшыларының құқығы қорғалмаған, заңға бағынбайтын мекемелерден жұмыс ұсынып, алдарқатқысы келеді, біз оған келіспейміз" деп мәлімдеді.

Бір күн бұрын жергілікті БАҚ Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзенде сәуірдің басынан бері ереуілдетіп тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшыларымен кездескенін хабарлаған еді. Бұл кездесуге "ҚазМұнайГаз" бен "Өзенмұнайгаз" басшылары да қатысқан.

Интернетте кездесу туралы жарияланған видеода мұнайшылар бірыңғай жалақы төлеу жүйесі бар мекемеден жұмыс талап етіп тұрғаны байқалады. Олар билік пен мұнай-газ саласындағы компания өкілдерінің жауабына қанағаттанбай, "келесі аялдамамыз – Астана" деп тарқасады.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Бестөбеде наразылық жалғасып жатыр

Ақмола облысы Бестөбе ауылының тұрғындары екі түн қатарынан жергілікті кеніш мәселесін шешуді талап етіп тұр. Жұрт ауылдағы мәдениет үйінің алдына жиналған.

9 маусымға қараған түні ғимарат алдында жарық сөніп, тұрғындар түні бойы шам жағып отыруға мәжбүр болған. Жұма күні таңертең ғимарат маңында полиция күзеті күшейген. Мәдениет үйі маңына бес полиция көлігі мен шағын автобус қойылған.

Жиналғандар арасында жұмыссыз бос тұрып қалған "Алтыналмас" компаниясының кеншілері бар, олар кеніш мәселесі шешілгенге дейін мәдениет үйінде қалатынын айтты. Тұрғындар ауылдағы шахтаны іске қосып, одан жерасты суын сорғызуды және ауыл маңындағы кен байыту фабрикасын өзге жаққа көшіруді талап етіп тұр.

Бестөбеде өндірісті іске қосу мәселесі екі жыл бойы шешімін таппай келеді. Биыл ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахта мәселесін шешуге тапсырма берген.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Былтыр қамаудан шыққан белсенді Қайрат Қылышев түрмеге ауыстырылды. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Жанар Сарықұлова хабарлады

“8 маусымда шешім шығарып, “пробацияны бұзды” деген айыппен сот залынан Қаскелеңнің изоляторына қамады” деді әйелі Азаттыққа.

Оның сөзінше, күйеуі түрмеге қамайтындай ереже бұзбаған. Бірақ сотта ол “екі рет ереже бұзғаны” айтылған. Жанар Сарықұлованың сөзінше, белсенді қалған 1,5 жыл жазасын түрмеде өтейді.

Белсенді Қайрат Қылышев 2021 жылы 11 қазанда "тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастырды және араласты" деген айыппен (405-бап, 1,2 бөлімдері) 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Былтыр көктемде сот оның қалған жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы өтінішін орындап, белсенді қамаудан шыққан еді.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Әлтаев "алған" пара, Астанадағы форум және белсенділердің ұсталуы - AzatNews | 8.06.23

📌 "Пара алуы мүмкін". Жемқорлықпен күрес агенттігі тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевты не үшін ұстағанын түсіндірді.

📌 Жергілікті белсендіні "жала жапты" деп сотқа берген мәжіліс депутаты жеңіліп қалды. Процесс кезінде оның бұрын жемқорлық күдігімен сотты болғаны анықталды. Ол қалай мәжіліске депутат болған?

📌 Астанада жаһан мәселелерін талқылайтын халықаралық форум өтіп жатыр. Осы күні азаматтық белсенділер ұсталды.

🔗КӨРУ

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

"Бұл дерек – сандырақ". Даниал Ахметов ұлына жақын кәсіпкерлер туралы Азаттық зерттеуіне қатысты пікір айтты

Журналист Асхат Ниязов ШҚО әкімі Даниал Ахметовті «қуып жүріп», ақыры сұхбат алғанын көрген боларсыз? Онда әкім мырза Азаттықта жақында жарық көрген зерттеуге қатысты да пікір білдірді.

Мамырда жарық көрген зерттеуде Азаттық тілшісі Тасқын Болатұлы елдегі ең ірі көпір жобасын салып жатқан компания әкімнің ұлының бизнес-серіктесіне тиесілі екенін анықтаған.

Бұқтырма көпірін салу тендері "ОблШығысЖол" компаниясына берілген. Ол компанияға Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазанов деген кәсіпкерлер "Элхон" ЖШС арқылы иелік етеді.

Олар Талғат Ахметовпен бизнес-серіктес болғанын egov.kz электрон үкімет порталындағы ақпарат растайды. Құжатта олардың "СЕМИНКО" деген компанияда қатар құрылтайшы болғаны көрсетілген.

"Талғат Даниалұлы Ахметов бұл компанияда жоқ деп ресми мәлімдеймін. Бәлкім, бір-екі күн болған шығар. Бұл дерек – сандырақ. Бүгінде ресми түрде "СЕМИНКО" компаниясында да, басқа жерде де жоқ. Бейресми де еш жерде жоқ" деді Ахметов.

Азаттықтың зерттеуін қайта көріп шығамын десеңіз, мына жерде тұр.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Тоқаев тапсырмасымен әзірленген заң жобасы заңсыз алынған активтерді қайтаруға қауқарлы ма?

Мәжіліс 7 маусымда "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын талқылады. Депутаттар жобаның кей тұсын сынағанымен, оны алғашқы оқылымда мақұлдаған. Қаңтар оқиғасынан кейін "қоғамның талабы негізінде" әзірленді деп айтылған құжат халық несібесінен желінген байлықты орнына қайтара алатынына күмәнданатындар көп.

Мемлекетке қайтарылған активтер арнайы ашылған қорға түседі, оны басқарып, сақталуын қамтамасыз етуді және оны сатуды жүзеге асыратын басқарушы компания құрылады. Оның жалғыз құрылтайшысы Қазақстан үкіметі болады.

Ал активтерді қайтару қалай жүзеге асады? Өз активін ерікті түрде қайтарғандар неге жауапқа тартылмайды? Неліктен капиталы 100 миллион доллардан көп адамдар ғана тексеріледі?

Осы сұрақтардың жауабын Азаттықтың жаңа мақаласынан біле аласыз.

🔗Сілтеме

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

💰 8-9 маусымда өтетін Астанадағы халықаралық форумға бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген

Бұл туралы форум аясында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

"Власть" сайтының мәліметінше, журналистер министрге "форумды өткізуге шынымен 1 млрд теңге бөлінді ме?" деген сұрақ қойған. Қуантыров "одан сәл көбірек" деп жауап берген.

Экономика министрі 2019 жылы да сонша қаражат жұмсалғанын айтқан. Министрдің айтуынша, форумның құны инфляция мен кірістің өсуі сияқты тағы басқа жағдайларға байланысты түзетілмеген. Қуантыров "сондықтан бұл соманы дәл сол қалыпта ұстаймыз" деп жауап берген.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қаңтарда қару таратуға қатысы бар полицейлер туралы сұраққа қалай жауап берді?

"Ескертусіз қасақана оқ ату" есебінің авторлары ішкі істер министрлігіне мынадай сұрақ жолдаған:

Полиция департаменттеріндегі қаруды таратқан ішкі істер министрлігі басшылығы неге жауап бермейді? Олар кісі өлімі мен абақтыдағы азаптаулар үшін неге жауапқа тартылмайды?

"Бұл бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Объектив тергеу болсын деп, іс арнайы прокурорлар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеушілерінің құзырына, солардың өндірісіне берілді. Біраз қылмыстық іс [аясында] жауапқа тартылған [адамдар бар], сот болған мәселелер бар, кейбіреулері әлі де өндірісте. Полиция қызметкерлері күдікті болып танылған қылмыстық істердің бәрі солардың өндірісінде" деді Марат Ахметжанов.

Министр Қаңтар оқиғасы туралы зерттеуді оқығанын айтты, алайда оған баға беруден бас тартты. "Ашық қоғам болған соң, әркімнің өз көзқарасы бар" деді Ахметжанов.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Қаңтар құрбаны Жасұлан Анафияевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлер сотталды

Алматы қаласы Алмалы аудандық соты айыпталған жеті полицейдің бәріне үкім кесті. Аян Елубеков пен Махамбет Шынжырбаев 10 жылға сотталды. Закир Ибрагимов тоғыз жылға, Нұрлан Торыбаев, Ардақ Әзімбеков пен Бейбіт Жақыпбаев сегіз жылға, ал Арнат Мирадилов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейтін болды. Қосымша жаза ретінде барлығына үш жылға дейін мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуге тыйым салынды.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

⚡️ Астанада оппозиция митингісі өтеді деген орында белсенділер ұсталды

Астанада полиция “оппозиция митингісі өтеді” деген қаржы министрлігі маңындағы саябақта белсенді Сейілхан Түсбековті ұстап әкеткен. Бұл жөнінде ақпарат "БелсенділерЭкстремистЕмес" ұйымының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Топ жариялаған видеода полиция тағы бір адамды ұстағаны байқалады, алайда ол туралы ақпарат жоқ.

Сейілхан Түсбеков ұсталмай тұрып, саябақ маңынан әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, айналаны сипаттаған. Айтуынша, саябаққа қоршаулар қойылған, айналасында автозактар тұр. Белсенді саябақ маңында байланыс жұмысын бәсеңдететін көлік пен жай киім киген адамдарды байқаған.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

Алматы полицейлерінің белсенді Бибігүл Иманғалиеваны ұстап жатқан сәтінің видеосы

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясын ұйымдастыру тобының мүшесі Бибігүл Иманғалиеваны да үйінің алдында полиция қызметкерлері мен маска таққан жай киімдегі ер адам күтіп тұрған.

Видеода белсендіге құжаттарын көрсетпеген, өздерін таныстырмаған полиция қызметкерлері белсендіні көлікке күштеп отырғызбақ болғаны байқалады. Сол жерден видео үзіледі.

t.me/azattyq

Читать полностью…

Azattyq - Азаттық

⚡️ Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумда сөз сөйлеп жатқанда, Қазақстанның кейбір аймақтарында форумға орайластырып митинг өткізгісі келген белсенділердің алды ұстала бастады

Алматыда белсенді Әсет Әбішевті полиция үйінің маңынан ұстап әкетті. Белсенді желідегі парақшасында тікелей эфирден хабар таратты. Бибігүл Иманғалиеваның да үйіне полиция барған. Ол үйінің алдында тікелей эфирге шықпақшы болған. Алайда сәлден соң эфир үзілген. Жақтастары полиция оның телефонын жұлып алған болуы мүмкін деп болжайды. Әзірге Азаттық белсендіге хабарласа алмады.

Ақмола облысында белсенді Амангелді Жахин үйін полицияның торуылдап жүргенін хабарлаған.

Бұған дейін халықаралық форумға орай бірқатар белсенділер саяси тұтқындарды босатуды талап ететінін айтып, митинг өткізу туралы өтініш берген. Жергілікті әкімдік оларға рұқсат бермеген.

Белсенділер митингіде үш түрлі талап қоятынын айтқан: азаматтық белсенді Марат Жыланбаевты босату, саяси тұтқындарды босату және "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеу.

t.me/azattyq

Читать полностью…
Подписаться на канал