Қаржы министрі Жамаубаев: "Елбасы кеңсесі" таратылады
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, кеңсеге бөлінетін мемлекеттің 3 млрд теңге қаржысы (6,6 млн доллар) өзге қажеттіліктерге жұмсалады.
Бұған дейін әділет министрлігі Қылмыстық кодекстің бірінші президентке тіл тигізгендерді жазалайтын бапты алып тастауды қарастыратын түзетулері парламентке түскенін хабарлаған. Қазіргі заң бойынша, бірінші президентке тіл тигізгендер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
t.me/azattyq
"Жерге жығып, дубинкамен сабаған". Қаңтарда Анафияевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлер сотталды
Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде қала тұрғыны Жасұлан Анафияевты уақытша ұстау изоляторында азаптап өлтірді деп айыпталған жеті полицейге бес жылдан 10 жылға дейін түрме жазасын кесті. Бұл – Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау оқиғалары бойынша полицейлерге берілген ең ауыр жазаның бірі. Қоғам назары ауған сот процесі қалай аяқталды?
Тергеу барысында Жасұлан Анафияевтың жақындары күдіктілерге тағылған айып тым жеңіл екенін айтқан еді. Жарыссөз кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты Айман Құрманбаева судьяға айыпты Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабынан "адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұраған, бірақ судья оның өтінішін орындамады.
"Бұл жерде адамды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның сараптамалары бар. Уақытша ұстау изоляторының бейнебақылау камералары өшірілген. Куәлердің жауаптары бар, қан-қан еденді сүрткен, жуғызған" деді істі бақылаған құқық қорғаушы Ринат Рифхат.
🔗Сілтеме
t.me/azattyq
Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды
Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде де қала береді.
t.me/azattyq
Ердоған Каховка СЭС-інің жарылуына қатысты комиссия құруды ұсынды
Бұл жөнінде Hürriyet басылымы жазды. Ердоғанның сөзінше, тексеруге соғысушы тараптың мамандары мен БҰҰ және халықаралық қауымдастықтың өкілдері қатысуға тиіс.
Түркия президенті Анкара бұл істі жіті тексеру үшін қолынан келгенінің бәрін істейді деген. Ердоған Мәскеу мен Киев бір-бірімен тікелей араласпай, халықаралық делдалдар арқылы астық келісімін жүзеге асыру ісін мысалға алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Түркия президентімен келіссөз қорытындысы жайында телеграм-арнасында жазып, Ердоғанға апатты жою салдарына қажет тізімді бергенін жазды. Ол бұл апатты Ресей жасаған теракт деп атады.
Ал Кремльдің хабарлауынша, Путин оқиғаға Украинаны кінәлап, СЭС-тің жарылуын "варварлық акция" деп атаған. Бұл – Путиннің Херсон облысындағы бөгеттің жарылуына байланысты алғашқы реакциясы.
t.me/azattyq
Су сұраған Астана
Астанада кейінгі кезде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Қаланың басым бөлігіне су кестемен беріліп жүр. Бірақ тұрғындар су белгіленген уақытында берілмейді дейді. Қапырық ыстықта судан тарыққан жұрт бірнеше көшенің жолын жауып, наразылық акциясына шықты.
t.me/azattyq
Құқық қорғаушылар жақында Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" деп аталатын есепті жариялағаны естеріңізде болар. Есепте дүрбелеңде қаза тапқан, жараланған, ұсталып азапталған адамдар туралы баяндалған. Онда авторлар ел басшылығы мен құқық қорғау органдарына нақты сұрақтар қойған.
Мәселен, бір сұрақ мынадай:
• Қаңтар оқиғасына байланысты өлгендердің толық мәліметі: аты-жөні, туған жылы, өлген күні, өлім себебі, жай-жапсары, мәйіт табылған жер қашан жарияланады?
t.me/azattyq
Марқұм Жасұлан Анафияевтың туыстары сот үкіміне келіспейді
Жасұлан Анафияевтың қарындасы Ләззат Анафияева сотқа апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
"Сот үкіміне келіспеушілігіміз бар. Өйткені біз күдіктілер [Қылмыстық кодекстегі] 146-баптың 3-тармағы бойынша емес, 99-бап ("адам өлтіру") бойынша сотталса деп ойлап едік. Өйткені 146-баптың 3-тармағында «азаптау» және «абайсызда өлтіру» (абайсызда оның өліміне әкеп соққан азаптау – ред.) деген сөздер бар. Ал 99-бап Жасұланның өліміне түбегейлі сәйкес келеді деп есептейміз. Оны қинап, өзара келісіп, камералардың бәрін өшіріп, дабылды қосып, шығарып алып, жетеуі жабылып тепкілеп өлтірген", - деді Ләззат Анафияева Азаттыққа.
t.me/azattyq
⚡️ Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев ұсталғанын растады. Ведомство ол “ірі көлемде пара алды” деген күдікке ілінгенін айтты
Бұған дейін жергілікті телеграм-арналар бірнеше адам Әлтаевқа ұқсас адамды қоршап, оған “Миранда ережелерін” оқып тұрғаны жөнінде видео таратқан.
t.me/azattyq
Ақпарат министрі: Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды
"Оның үстінен өзінің журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін қазір іс қозғалып отыр. Бұл жерде оның журналистік қызметіне кереғар [нәрсе], шектеу қойылып жатқан жоқ. Ол саналы түрде саяси көзқарасы үшін осындай қадамға барып отыр", – деді 7 маусымда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
"[Журналистің] саяси көзқарасына келіспейсіз бе?" деген сұраққа министр "әркімнің өз ұстанымы бар" деді.
Билікті қатаң сынап жүрген журналист Думан Мұхаммедкәрім 28 мамырда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Журналист изоляторда сот шешіміне қарсылық білдіріп, аштық жариялаған.
t.me/azattyq
Қазақстан әскері Ресей шекараларын “қорғауға” бара ма?
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ақпаратты жоққа шығарды.
"Бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, Қазақстан Республикасының қарулы күштері ел аумағында екенін мәлімдеймін. [Әскер жіберу] бойынша қандай да бір міндеттемелер, бітімгершілік миссиялар бойынша шешімдерді тек Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде жүргіземіз. Алайда ҰҚШҰ аумағында мұндай міндеттерді орындамаймыз және ешқайда барайық деп жатқан жоқпыз. Уайымдамасаңыздар болады, ешқайда бармаймыз", - деп жауап берді Жақсылықов журналистерге.
t.me/azattyq
Бүгін Қаңтар оқиғасы кезінде қамау изоляторында қаза тапқан Жасұлан Анафияевтың ісі бойынша үкім оқылады. Кешегі жарыссөзде айыпталушылар кінәсін мойындамады
Бұған дейін прокурор оларға алты жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасын беруді сұраған. Жасұлан Анафияевтың жақындары айыпталушыларды кінәлі деп есептейді.
t.me/azattyq
Қырғызстанда "билікті күшпен басып алмақ болды" деп күдікке ілінген бес адамның төртеуі тергеу изоляторына қамалды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қамауға алынғандар арасында "Элдик кеңеш" партиясының төрағасы Роза Нұрматова мен "Чек ара" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлжігіт Исақов бар. Қалған екі адамның толық аты-жөні айтылмады. Сот қырғыз ұлттық университетінің оқытушысы Чолпонбек Сыдықбаевты үйқамаққа жіберген.
t.me/azattyq
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сатыбалдыға тиесілі компания Hilton қонақүйін сатып алғаны жөнінде: Нысан мемлекетке өтіп жатыр
Агенттік интернетте талқыланған депутат Мақсат Толықбайдың "экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауда отырып, қымбат қонақүй сатып алды" деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Агенттік депутаттың айтқанын "жеке азаматтың ақпараты" деп атады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдыға қатысты қазір салықтан жалтару және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырумен байланысты өзге эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Агенттіктің хабарлауынша, тергеу барысында "заңсыз шығарылған активтер, сонымен бірге қылмыстық жолмен алынған мүліктерді қайтару мақсатында" шаралар жүргізіліп жатыр.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, қазір аталған нысанды мемлекет меншігіне беру процедурасы аяқталайын деп жатыр.
t.me/azattyq
Прокуратура алдында аштық жариялаған қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмаз Тілепов денсаулығына байланысты аштықты тоқтатты. Бұл жөнінде Алмаз Тілеповтің өзі Азаттыққа айтты.
Оның айтуынша, сейсенбі күні оның қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Ауруханаға жеткізіліп, система қойылған. Дәрігерлер оған аштықты жалғастыруға тыйым салған.
Алмаз Тілеповтің айтуынша, полиция өкілдері оған ұлын заңсыз ұстап әкетуге қатысты тексеріс жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтқан. 7 маусымда түстен кейін полицияда әкімдік, прокуратура өкілдерінің қатысуымен қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы талқыланады.
Бұған дейін Алмаз Тілепов ұлын босатуды талап етіп, прокуратура алдында аштық жариялаған еді. Журналист те өзінің заңсыз қамалуына байланысты аштық жариялаған.
t.me/azattyq
СЭС бөгеті жарылған Новая Каховкада жергілікті хайуанаттар бағындағы жүздеген жануар суға батты
Ресей әскері басып алған Украинаның Новая Каховка қаласында жергілікті СЭС бөгеті жарылып, төңірегіндегі елді мекендерді су басқан. Салдарынан "Казкова дiброва" демалыс кешенінің ішіндегі хайуанаттар бағы да қираған.
Мекеме директорының сөзінше, 300-ге жуық жануар өлген. Бірнеше аққу мен үйрек құтқарылған. Айтуынша, жануарларды эвакуациялау мүмкін болмаған, оған Ресей әскері жақын маңдағы аумақты миналағаны себеп болған.
t.me/azattyq
Шымкенттегі қару дүкеніне шабуылдаған өзбекстандық 15 жылға сотталды
Ақпанда Шымкентегі «Арсенал» қару дүкеніне шабуыл жасаған өзбекстандыққа сот үкімі шықты. 50 жастағы Еркинжон Исмоилов Қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша айыпты деп танылып, 15 жылға сотталды. Ол Шымкентке еңбек мигранты ретінде келіп, шабуылға дейін қаладағы наубайханалардың бірінде нан мен самса пісіріп келген.
Видео: Мигрант Медиа
t.me/azattyq
Оралда "сепаратизм" және "алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған екі адамға үкім оқылды
Олар Chatroulette видеочатында Қазақстанға қарсы "арнайы операция" (Ресей Украинаға соғысын осылай атайды) басталса, Ресейді қолдайтынын мәлімдеген.
6 маусымда судья Варвара Дмитриенко Денис Рудных пен Кристина Кольченконы кінәлі деп таныды. "Сепаратизм" және "алауыздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған Рудных бес жыл екі айға, "сепаратистік әрекет" бойынша айыпталған Кольченко бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкімнің қорытынды бөлігіндегі ақпаратқа қарағанда, екі сотталушы 25 сәуірден бері қамауда отырған. Сот үкіміне сәйкес, олардың изоляторға отырған уақыты жаза мерзімі ретінде есептеледі.
Сот үкімі күшіне енген жоқ. Тараптар оған шағым түсіре алады.
Рудных пен Кольченконың адвокаты Сергей Сальников Азаттыққа сотталушылар үкімге келіспейтінін айтты. Бірақ үкімді апелляцияға беретін-бермейтіні белгісіз.
t.me/azattyq
Агенттік: Экс-депутат Нұржан Әлтаев “Атамекеннің” бұрынғы басшысы Мырзахметов ісі бойынша күдікке ілініп отыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы депутат Нұржан Әлтаевқа қозғалған қылмыстық іске байланысты хабарлама таратты.
“Нұржан Әлтаев еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен парламент мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді” деп жазылған агенттік хабарламасында.
Тергеу болжамынша, "заңға қайшы әрекет" 2018-2020 жылдары болған. Агенттік Әлтаев “Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етті”, “мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен” болуы мүмкін деп болжап отыр.
Бірнеше жыл бұрын мәжілістен қуылған Нұржан Әлтаев кейінгі кезде “Ел тірегі” партиясын құруға әрекеттеніп, билікті жиі сынай бастаған. Соңғы парламент сайлауында өзін-өзі ұсынушы ретінде мәжіліске өтпеген Әлтаев сайлаудағы заңсыздықтар туралы айтқан “Халық парламентіне” мүше болған. Бір күн бұрын оның ұсталғаны туралы ақпарат тарағанда кейбір белсенділер істен саяси астар іздеген. Әзірге адвокаты немесе жақындары ақпарат құралдарына шықпады.
“Атамекеннің” бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов екі ай бұрын мамырдың ортасында қамауға алынған. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген.
t.me/azattyq
Тоқаев Алтай Көлгіновті премьер-министрдің орынбасары қызметінен босатты
Бұл жөнінде Ақорда хабарлады. Бұл қызметті Көлгінов 2022 жылғы 9 желтоқсаннан бері атқарған. Оның алдында Астана қаласын және Батыс Қазақстан облысын басқарған.
t.me/azattyq
Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева бүгін сол сұрақтарды бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевке қойды. Ол Қаңтар оқиғасында қаза болғандардың толық тізімі берілді дейді:
"Сіздің қазір айтып отырған сұрақтарыңыздың ешқайсысы шындыққа сай келмейді. Іс жүзінде олай емес. Қаңтар оқиғасы бойынша біз толығымен бірнеше мәрте тиісті ақпарат жолдадық, тиісті кездесулер өткіздік. Тіпті осы парламент мәжілісінде бас прокурор екі мәрте халыққа толық ақпарат берді. Тіпті Қаңтар оқиғасы бойынша зардап шеккендердің, қайтыс болғандардың толық тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған" деп жауап берді Жандос Өмірәлиев.
Бас прокурордың орынбасары баяндаманы оқымағанын айтты.
Еске салсақ, былтыр тамызда ресми органдар Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың фамилиясынан және есімі мен әкесінің бірінші қаріптерінен тұратын тізім жариялаған. Марқұмдардың толық деректері, өлімінің жай-жапсары туралы ресми ақпарат болған жоқ.
t.me/azattyq
Суға мұқтаж Астана, заңсыз мүлікті қайтару - AzatNews | 7.06.23
📌 Мәжіліс "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын талқылады. Жоба бойынша мүлікті өз еркімен қайтарған адам қылмыстық жауаптан құтылмақ.
📌 Астанада ауызсу жетпейтіні жөнінде шағым жиіледі. Тұрғындар көшені жауып наразылық білдіріп, әкім жауап беруге мәжбүр болды.
📌 "Қаңтар оқиғасы" кезінде ұсталып, абақтыда азаптан көз жұмған Жасұлан Анафияевтың өліміне байланысты жеті полицей сотталды.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасынан кейін полиция әкетіп, қамауда азапталған Жасұлан Анафияевтың өліміне қатысты іс бойынша үкім оқылды
Айыпталушылар – Алматы қаласы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне төмендегідей үкім шықты:
• Аян Елубеков – 10 жыл түрме жазасы
• Махамбет Шынжырбаев – 10 жыл түрме жазасы
• Закир Ибрагимов – 9 жыл түрме жазасы
• Нұрлан Торыбаев – 8 жыл түрме жазасы
• Ардақ Әзімбеков – 8 жыл түрме жазасы
• Бейбіт Жақыпбаев – 8 жыл түрме жазасы
• Арнат Мирадилов – 5 жыл түрме жазасы
Олардың барлығы Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабының (146-бап) үшінші тармағы бойынша, яғни "жәбiрленушiні абайсызда өлтіріп алған" деп айыпталған.
Бұған дейін прокурор оларды 6-10 жылға соттауды сұраған.
Сот айыпталушыларға жәбірленуші Жасұлан Анафияевтың қарындасы мен жарына 20 миллион теңге моральдық залалды бірігіп төлеуді міндеттеді. Сотталушылар процесс шығындарын да төлеуге тиіс.
Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ, апелляциялық шағым түсіруге 15 күн бар.
t.me/azattyq
Ақпарат министрі: Азаттық сайтының бұғатталуына министрліктің қатысы жоқ
"[Азаттық сайты] қиналып ашылатынын көрген жоқпын, бірақ сондай жаңалық оқыдым. Оған біздің министрліктің қатысы жоқ. Қандай себептер екенін мен білмеймін. Тиісті мекемелерден сұрау керек шығар", – деді 7 маусымда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Бұған дейін әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) коммерциялық емес ұйымының зерттеуі Азаттықтың Қазақ қызметінің сайты 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы сәуір аралығында Қазақстан аумағында бұғаттаудың жымысқы әдісіне (троттлинг) ұшырағанын көрсетті.
Зерттеу авторларының сөзінше, әдістен кейін нысанаға алынған сайттың өнімділігі азайып, ақыры іс жүзінде "пайдалануға жарамсыз болып қалады", мұндай әдіс Қазақстанда өзге сайттарды шектеу үшін қолданылатын әдістерден бөлек.
t.me/azattyq
Қазақстан қытайлық CNPC корпорациясымен мұнай-газ саласындағы бірнеше ірі жобаны талқылап жатыр
Бұл жөнінде әртүрлі саладағы мемлекет активтерін басқаратын үкіметке қарасты холдинг – "Самұрық-Қазынаның" баспасөз қызметі хабарлады.
Қордың хабарлауынша, "ҚазМұнайГаз" бен CNPC Кеңқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін реверс режимінде жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізуге және Кеңқияқ – Құмкөл магистралінің өткізу қабілетін жылына 5 млн тоннаға дейін бірлесіп кеңейтуді жоспарлап отыр". Тараптар алдын ала зерттеу жүргізуге келіскен.
Бұған қоса, тараптар Шымкент мұнай өңдеу зауыты өндірісін жылына 6 млн тоннаға ұлғайту мәселесін де талқылаған. Тараптар "ресурстық базаға, өткізу нарығына және бизнес-модельге талдау жүргізуге" келіскен.
t.me/azattyq
Қазақстанда ҰҚШҰ жаттығуы өте ме?
Қазақстан қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 7 маусымда журналистерге берген жауабында "қазір ведомство ұйым шеңберінде келесі оқу-жаттығу өтетін орын туралы келіссөз жүргізіп жатыр" деді.
"Келесі оқу-жаттығу мен оның орны бойынша штабтық келіссөз жүргізіп жатырмыз. Келіссөз аяқталғанда ақпаратын айтамыз. Арбаны аттың алдына шығармайық", – деп жауап берді Жақсылықов журналистерге.
Оның сөзінше, биыл Қазақстан аумағында Қырғызстан және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығу жоспарланған. Қазақстанда ҰҚШҰ жаттығуы нақты өтетін-өтпейтіні кейінірек белгілі болады.
t.me/azattyq
Астанада бір аптадан астам сусыз қалған кешен тұрғындары наразылық білдіріп, көшені жапты
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оларға су түнгі сағат 2 мен 5 аралығында ғана беріліп жатыр. Мұндай жағдай бір аптадан бері қалыптасқан. Олар 37 градус ыстықта әжетханаға бара алмайтынын жеткізген. Жақын маңдағы дүкендерде су жылдам азайып жатыр.
Наразы тұрғындарға көрші "Браво" тұрғын үй кешенінің тұрғындары да қосылған.
Жиналғандарға Алматы ауданының әкімі Самат Мақсатұлы келіп, тұрғындарды шыдай тұруға шақырып, өзі де "кесте бойынша жуынатынын" айтқан.
Алматы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс компаниясы су құбырын толық жөндеп бітпегендіктен аталған кешендердің су құбыры жүйесі "Астана су арнасының" балансына берілмеген. Жұмысты аяқтау үшін тағы бір-екі күн керек.
Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбек видеомәлімдеме жасап, су тапшылығы мәселесін алдағы айларда шешуге уәде берген.
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған генерал Серік Күдебаев сотқа апелляциялық шағым түсірді
Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Күдебаевтың апелляциялық шағымы 29 маусым күні сағат 15.00-де қаралады.
28 сәуірде Талдықорғандағы сот Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысын "Қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды" деп танып, 10 жылға соттаған.
Тергеу органдарының мәліметінше, Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "қызметін асыра пайдаланған және оның азаптауға қатысы бар, ол полиция департаментіндегі қызметкерлерге ғимараттан кетуді бұйырып, заңсыз бұйрық берген, өзі қаладан кетіп қалған".
Күдебаев айыптарды жоққа шығарған.
Күдебаев ісінің жай-жапсарын сілтемеден өтіп оқыңыз
t.me/azattyq
Тасаға тығылған тас мүсіндер. Қазақстандағы совет ескерткіштері
Таяуда Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық мәслихаты Алтай қаласының орталығындағы Ленин ескерткішін жөндеуге бюджеттен 1,5 миллион теңгеге жуық ақша бөлуді мақұлдағаны әлеуметтік желіде пікірталас туғызды. Кейбірі өткен тарихтың ескерткіштеріне де құрметпен қараған дұрыс десе, енді біреулер 20-ғасырда миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салып, саяси қуғын-сүргін, Ашаршылық тәрізді зұлмат пен нәубетті қолдан жасаған совет режимі мен оның символдарын ардақтау артық нәрсе деп біледі.
Большевиктер билігі мен коммунизм идеологиясының белгілері деп есептелетін ескерткіштер мәселесі – постсоветтік елдерде жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Балтық елдері мен Украина декоммунизация мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдап, кей ескерткіштерді алып тастаған. Шығыс Еуропаның бірқатар мемлекеті, соның ішінде Польша да коммунизм мұраларынан арылу туралы заң қабылдаған.
Қазақстан билігі ондай қадамға барған жоқ. Әйткенмен жекелеген жергілікті биліктің шешімімен, қоғам белсенділерінің әрекетімен большевиктердің ескерткіштері біртіндеп алынып жатқаны байқалады.
🔗Сілтеме
t.me/azattyq
🌿 Қазақстандағы алғашқы Zero Waste дүкені. Пластиксіз әлем
Zero Waste – қалдық шығармауға немесе қалдықты барынша аз шығаруға, заттарды жауапты тұтынуға бағытталған принциптер топтамасы. Қазақстанда сол принципке негізделген алғашқы экодүкен бар. Zero Waste-тің танымал бес формуласы бар: (5R) бас тарт, қысқарт, қайта қолдан, қайта өңде және компоста.
Бұл туралы EcoKundelik подкасының кезекті эпизодынан толығырақ тыңдауға болады.
🎙ITunes
🎙Google Podcasts
🎙Spotify
🎙YouTube
🎙Азаттық сайты
t.me/azattyq
«Төрт жерімнен пышақтады». Жамбыл облысының тұрғыны полицейлерге кінә тақты
Жамбыл облысы Шу қаласының тұрғыны Ұлан Жексенов «полиция қызметкерлері жабылып ұрып, пышақ сұқты» дейді. Жексебаев қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Куәгерлер «бұл қылмысқа бірнеше полицейдің қатысы бар» дейді. Жәбірленуші тергеу әділ өтеріне күмән келтіріп, президент Тоқаевқа үндеу жолдады.
t.me/azattyq