Германия сыртқы барлау қызметінің басшысы: Ресейдің әлі де ұзақ соғысуға шамасы жетеді
Ресей билігінде әзірге көзге түсетіндей жарықшақ байқалмайды. Германия сыртқы барлау қызметінің басшысы Бруно Каль бәрі бір сәтте өзгеруі мүмкін екенін де жоққа шығарған жоқ.
Берлиндегі Қауіпсіздік саясаты академиясында сөйлеген Каль "өз әскеріне оқ-дәрі жеткізіп бере алмайтын жағдайға жетті" дейтін кейбір пікірлерге қарамастан, "Ресейдің саяси жүйесі шайқалып тұр деуге негіз жоқ" деді, алайда ондай жағдай болуы мүмкін емес деп те айтпады.
Кальдің сөзінше, әскерін одан әрі толықтырып, ұзақ соғысуға Ресейдің әлі де шамасы бар. Оқ-дәрі мен қару-жарақ мәселесі де солай. Сол себепті, Ресей әлсіреді деуге немесе ұрыс қимылдары аяқастынан тоқтай қалады деп үміттенуге болмайды.
t.me/azattyq
"Узбекистон хаво йуллари" құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовті Бішкек – Ташкент ұшағына мінгізбеген
"Узбекистон хаво йуллари" әуекомпаниясы 22 мамырда Қазақстанның құқық қорғаушысы, қоғам белсендісі Ғалым Ағелеуовті Бішкек – Ташкент рейсіне мінгізбеген. Мұны Ағелеуовтің өзі хабарлады.
Оның айтуына қарағанда, ол Ташкентке Нөкіс оқиғасы бойынша аппелляция сотын бақылау үшін бармақ болған. Әуекомпания өкілдері "Ташкент әуежайындағы шекара қызметі Ағелеуовтің Ташкентке келуіне тыйым салынғаны жөнінде хабарлағанын" айтқан.
– "Манас" әуежайына барып, рейске тіркелмек болдым. Сол жерде мені өзбек әуекомпаниясының басшысына апарып, Өзбекстан билігі мені визасыз режим бойынша өткізуден бас тартқанын, шекаралық бақылау мені Өзбекстанға өткізбейтінін айтты, – деді ол Азаттық тілшісіне.
20 тәулік қамақтан шыққан Марат Жыланбаевтың үйін полиция тінтіп, өзін изоляторға әкеткен
Бүгін, мамырдың 23-іне қоғам белсендісі, тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан" ұйымының төрағасы Марат Жыланбаевтың үйін полиция тінтіді. Белсендінің Астана сыртындағы үйінің алдында полиция мен азаматтық киім киген белгісіз адамдар тұрды. Олар Азаттықтың түсіру тобын үйге кіргізбеді.
Марат Жыланбаевтың қызы Азия Жыланбаева таңертең әкесін қарсы алуға барғанын, бірақ оны полиция алып кеткенін біліп, кейін қайтқанда полиция үйіне кіргізбей қойғанын айтты. Оның сөзінше, полиция мән-жайды түсіндірмеген.
Полиция Азаттық тілшісінің сұрағын да жауапсыз қалдырды. Бірнеше минуттан кейін полиция формасы мен жай киімдегі он шақты адам үйден шықты. Олар тінтуге рұқсат беретін құжатын көрсетпестен кетіп қалды.
Ресейдің Белгород облысына шабуыл жасалды
Ресейдің Белгород облысында қауіпсіздік қызметінің ғимаратына дроннан жарылғыш зат тасталған, әскери қақтығыстар болған. Бұл туралы облыс билігі хабарлады. 22 мамырда Ресей Украинадан диверсиялық-барлау тобы кіргенін хабарлаған. Украина олар «Ресей азаматтары» екенін айтқан.
Ресейдің Қазақстанмен көршілес Орынбор облысында теміржол мен әскери комиссариатты "өртемек болған" күдікті ұсталған
Ресейдің Федерациялық қауіпсіздік қызметі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Новотроицк қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстаған. Күш құрылымдары оны "Новотроицк теміржол станциясы мен Орск қаласының әскери комиссариатын өртемек болған" деп есептейді. Бұл жөнінде "РИА Новости" Федерациялық қауіпсіздік қызметіне сілтеп хабарлаған.
Күш құрылымдары өкілдерінің сөзіне қарағанда, "күдікті адам жоспарын жүзеге асырған соң, Украина қарулы күштеріне өтпек болған. Бомба жасауға керек бөлшектерді орман ішіне тығып қойған, Telegram арқылы Украинаның арнаулы қызметімен хат жазысқан".
SHOT телеграм-арнасының жазуынша, күдікті адам тауар кассирі болып жұмыс істеген. Ол интернеттен "жанғыш сұйықтықты қалай жасауға болатынын өз бетінше іздеп көрген, содан соң дүкендерден керек бөлшектерді сатып алмақ болған. Канистр, тез жанатын сұйықтық және күрек пен дүрбі сатып алған. Оның бәрін орманға жасырған."
Күдіктінің үстінен "теракт жасауға дайындалды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Алматылық полицей Жапонияға барып, қалай фотограф болды? Хаято Мацумотоның хикаясы
Қазақстанда туған жапон фотографы Хаято Мацумото советтік Қазақстандағы өмірі, милициядағы қызметі, Жапонияға көшуі, деректі фотожобалары, жапон халқының Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасы туралы ой бөлісті.
ОҚУ
Бахмуттағы қырғын. «Вагнер» қаланы басып алдық дейді. Украина мұны жоққа шығарды
20 мамырда «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин кейінгі жеті ай бойы ұрыс жүрген Украинаның Бахмут қаласын толық басып алғанын хабарлады. Ізінше Украина қарулы күштері бұл ақпаратты терістеп, қала үшін ұрыс әлі жүріп жатыр деді.
t.me/azattyq
Тәжікстанға Сириядан оралған 100-ден астам әйел мен баланың арасында Қазақстанның бес азаматы бар
Тәжікстан Сириядан "Ислам мемлекеті" террористік ұйымы содырларының әйелдері мен балаларынан тұратын 100-ден астам адамды әкелгенін хабарлады.
Тәжікстанның Кувейт пен Сириядағы елшісі Зубайдулло Зубайдзоданың сөзінше, әйелдер мен балаларды арнаулы рейс Душанбеге 21 мамырдың кешінде жеткізген. Арасында 31 әйел мен кәмелетке толмаған 33 қыз, 40 ер бала бар.
Олардың көбі – 2014-2016 жылдары Сирия мен Иракқа күйеулерінің артынан кеткендер. 2018 жылы "Ислам мемлекеті" талқандалған соң, оларды Сириядағы босқындар лагеріне орналастырған деп хабарлайды Азаттық радиосының Тәжік редакциясы.
Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Абдугаффор Камол Сириядан келгендердің арасында Қазақстанның бес азаматы бар екенін айтқан. Оларды Қазақстан билігіне бермек. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің Азаттыққа айтуынша, әзірше "мәлімет нақтыланып жатыр".
Ресей Украинаның Днепропетровск облысына дронмен шабуыл жасап, зымыранмен атқылады
Мамырдың 22-сіне қараған түні Ресей әскері Украинаның Днепропетровск облысына дронмен шабуыл жасап, зымыранмен атқылады. Кемі сегіз адам жараланып, тұрғын үйлер, автомобильдер, құтқару қызметінің ғимараты қираған. Бұл жөнінде Днепропетровск облыстық әскери әкімшілік басшысы Сергей Лысак телеграм-арнасында жазды.
Оның сөзіне қарағанда, Украина қорғаныс күштері 15 дрон мен төрт қанатты зымыранды атып түсірген. "Зеркало недели" басылымы түнде Днепрде кемі 40 жарылыс болғанын хабарлады.
22 мамырда таңертең Украина қорғаныс министрлігінің бас штабы таратқан мәліметке қарағанда, Херсон облысының үстінде Ресейдің Су-35 ұшағы атып түсірілген. Ресей бұл жөнінде ақпарат таратпаған.
"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке сот кескен 14 жыл аяқталды
"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 21 мамырда Қазақстан соты кескен 14 жыл жаза мерзімі аяқталғанын хабарлады. 11 жыл қамауда отырып, осыдан үш жыл бұрын шартпен босаған Жәкішев бүгін Фейсбук парақшасына "Бас бостандығымнан айырылу мерзімім аяқталды. Мен боспын!" деп жазды.
Оның қамақ мерзімі 2009 жылы 21 мамырда қамауға алынған күнінен басталған.
Мұхтар Жәкішев 2020 жылы 19 наурызда мерзімінен бұрын босап шыққан. 2009 жылы "жемқорлық жасады" деген айыппен жабық сотта 14 жылға сотталған. Жәкішев тағылған айыпты теріске шығарған.
Құқық қорғаушылар мен Жәкішевтің жақтастары тағылған айыптың саяси астары бар екенін бірнеше рет мәлімдеген. Қазақстан құқық қорғаушылары оны саясатпен айналыспаса да саяси тұтқындар тзіміне қосқан. Халықаралық құқық қорау ұйымдары Мұхтар Жәкішевті босату жөнінде Астанаға әлденеше рет үндеу тастаған.
Нобель сыйлығының 103 лауреаты құқық қорғаушы Алесь Беляцкийді босатуды талап етті
Нобель сыйлығының 103 лауреаты беларусь құқық қорғаушысы Алесь Беляцкийді босатуды талап етіп, үндеуге қол қойды. Халықаралық ПЕН-клуб сайтында жарияланған үндеуде беларусь құқық қорғаушысы әлем құқық қорғаушыларына дем беретін үміт символы деп аталған.
Үндеуде "Беляцкий бар ғұмырын беларусь жерінде демократия орнатып, адам құқығын қорғауға арнады, тәуелсіз адамдарға жүйелі түрде қысым көрсетіп, қатыгездік жазасағаны үшін Александр Лукашенконы жауапқа тартуға шақырды. Оны ойдан шығарылған желеумен соттады" деп көрсетілген.
Үндеуге қол қойғандар арасында химия, медицина, физика, эәконмика, әдебиет және бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын алғандар бар. Лауреаттардың екеуі - 87 жастағы астроном Роберт Вудро Вильсон мен 91 жастағы микробиолог Хамилтон Смит - Нобель сыйлығын 1978 жылы алған. Үндеу авторларының екеуі Ресей азаматы - бейбітшілік сыйлығының лауреаты Дмитрий Муратов пен физик Константин Новосёлов.
Oyan, Qazaqstan! белсендісі Влада Ермольчева да қамаудан босап шықты. Қамау орны алдынан оны жақтастары қарсы алды.
Ол бірнеше күн бұрын сот шешіміне қарсы жариялаған аштығын тоқтатқан.
Белсенді 11 мамырда апелляциялық сот өтіп, оны 15 тәулікке қамау туралы шешім өзгеріссіз қалғаннан кейін аштық жариялаған еді.
Oyan, Qazaqstan! белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот 7 мамырға қараған түні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Екі белсенді президент және парламент сайлауына қатысты наразылық акциялары үшін сотталды. Белсенділер шешімге қарсы болған.
Видео: Masa.media
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Хиросимада өтіп жатқан "Үлкен жетілік" елдері саммитінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Бреттон-Вуд жүйесін реформалау қажеттігін айтты, себебі олар қазіргі заманның талаптарына сәйкес болудан қалған
Гутерриштің айтуынша, аталған институттар 1945 жылы құрылған кездегі әлем құрылымына сәйкес ұйымдастырылған. Содан бері олар ескіріп, тиімсіз жұмыс істей бастаған. "Ғаламдық қаржы архитектурасы ескірді, міндетін орындаудан қалды және әділетсіз. Коронавирус пандемиясынан кейінгі экономика дағдарысы мен Ресейдің Украинаға басқыншылығына тап болған ұйымдар өзінің негізгі міндетін орындай алмады" деді БҰҰ бас хатшысы.
t.me/azattyq
Грузияда белсенділер елде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың туысының үйлену тойының өтуіне қарсылық білдіріп, акция өткізді
Грузия президенті Саломе Зурабишвили 20 мамырда күндіз Кахетиядағы Кварели қонақүйінде өтуі тиіс болған Лавровтың күйеубаласының бауырының үйлену тойы өтпейтінін хабарады. Ал Грузияға сол үшін келген қонақтар елден кеткен.
Үйлену тойына Лавровтың қызы Екатерина Винокурова да келгенін оппозициялық "Мватари" телеарнасы хабарлаған. Телеарна Тбилисидегі неке қию рәсімінен де видео жариялаған. Ақпаратқа қарағанда, видео Екатерина Винокурованың қайын ағасының неке қию рәсімінен түсірілген. Сенбі күні Кахетиядағы Kvareli Lake Resort қонақүйінде үйлену тойы өтуі тиіс болған, алайда 20 мамырда белсенділер қонақүй маңында наразылық акциясын өткізді. Акцияға қатысқан кемінде 16 адам ұсталған. Ақпарат құралдарының жазуынша, белсенділер қонақүйден шыққан микроавтобустарға "Грузияда орыстарға орын жоқ!" деп айқайлап, жұмыртқа лақтырған.
t.me/azattyq
Оралда заңгер Аслан Өтепов тергеу изоляторында аштық жариялады
Ол өзіне қозғалған қылмыстық іске байланысты ас-судан бас тартқан.
Заңгердің тергеу изоляторында отырып аштық жариялайтынын қоғамдық қорғаушысы болып жүрген жұбайы айтты.
"Ресми түрде үш күн аштық жариялаймын. Бұл арызды өз еркіммен, өз қолымен жаздым, ешкім қысым жасаған жоқ. Аталған мекеме әкімшілігіне шағымым жоқ. Егер аштық нәтижесінде маған бірдеңе болса, мына адамдарды айыптауды сұраймын" деп заңгер бірнеше лауазымды тұлғаның аты-жөнін атайды.
Арасында Батыс Қазақстан облысының прокуроры, облыстық сот судьясының аты-жөні бар. Өтепов сонымен бірге "трамодол королі" деген атпен танымал болған Николай Карповтың да аты-жөнін атады.
t.me/azattyq
⚡«Кириллицадан нуриллицаға. Saebiz заман». Латын әрпінің хикаясы
Сілтеме👉https://youtu.be/3jR88G0NIQc
Орал соты "Халық жемқорлыққа қарсы" бірлестігінің жетекшісі Аслан Өтеповті 7 жылға бостандығынан айырды
23 мамырда Орал қаласының соты "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аслан Өтеповті жеті жылға бостандығынан айырды.
Сот оны "алаяқтық" және "пара беруге оқталу" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Шешімді оқыған Орал қалалық қылмыстық істер сотының судьясы Роза Сариева "Аслан Өтеповтің кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің сөздерімен және іс материалдарымен дәлелденді" деді.
Аслан Өтепов өзіне тағылған айыпты сотта да теріске шығарып, сот үкіміне келіспейтінін, апелляция шағымын түсіретінін айтты.
- Әзірге оған ақшам жоқ, бірақ бірдеңе ойластырармыз,- деді ол. Аслан Өтепов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іске қарсылық ретінде 21 мамырда бастаған аштық акциясын тоқтатпайтын да айтты.
WSJ: НАТО Украинаға қару-жарақты тұрақты беретін келісім әзірлеп жатыр
НАТО елдері Украинамен ұзақ мерзімге арналған келісім жасау мүмкіндігін қарастырады. Бұл келісім бойынша, Киев Батыстың қаруы мен әскери технологиясын тұрақты алатын болады. Бұл жөнінде Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында Польша президенті Анджей Дуда айтты.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден мен Батыстың өзге де жетекшілері НАТО мен Украина қатынасы қауіпсіздік мәселесі бойынша АҚШ-Израиль қатынасының үлгісімен жасалатынын айтқан болатын. Қазір АҚШ пен Израиль арасындағы келісім бойынша, 10 жыл ішінде Израиль АҚШ-тың миллиардтаған доллар тұратын қару-жарағын алады. Алайда АҚШ Израильге сырттан шабуыл жасалған жағдайда көмектесуге міндеттенбеген.
Түркиядағы президент сайлауында 5 пайыз дауыс жинаған кандидат екінші турда Ердоғанды қолдауға шақырған
Түркиядағы президент сайлауының бірінші турында 5 пайыз дауыс алған кандидат Синан Оған өз жақтастарын Реджеп Тайып Ердоғанға дауыс беруге шақырды. Бұл туралы Түркияның Hurriyet басылымы жазған.
Синан Оған Ердоғанмен кездесуден кейін осындай шешімге келген. Hurriyet ақпаратына қарағанда, Синан Оған Конституцияның кейбір баптарын өзгертпесе, барлық терроршыл топқа қарсы күресетін болса, Сирия босқындарын шығарып жіберсе, Ердоғанды қолдайтынын айтқан.
14 мамырда Түркияда президент сайлауы өтті. Сайлаушылардың 49,5 пайызы Ердоғанға дауыс берген. Ердоғанның басты бәсекелесі, оппозицияның ортақ кандидаты Кемал Қылышдароғлы 45 пайызға жуық дауыс алған. Кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмаған соң, 28 мамырға сайлаудың екінші туры белгіленген.
Сарапшылардың ойынша, Синан Оғанның қолдауынан кейін Ердоғанның екінші турда жеңіске жету мүмкіндігі көбейе түседі.
Қазақстан арқылы Ресейге дрон, Тоқаев пен Цизиньпиннің "күмәнді келісімі" - AzatNEWS | 22.05.23
📌 Қазақстан мен Қытай өз азаматтарының ақпаратын алмасуға уағдаласты. Ресми тараптар мұны "екі елден де жәрдемақы алатындарды әшкерелеу" деп түсіндіреді. Құқық қорғаушы сөзінше, келісімнен саяси қуғын көріп, босқын мәртебесін сұрайтындар зардап шегеді.
📌 Халықаралық зерттеуші журналистер Ресей Украинадағы соғысқа қолданатын дрондар мен чиптерін Қазақстан арқылы алып жатқанын анықтады. Қазақстан үкіметі зерттеуге жауап бермеді. Аты аталған компаниялар да Азаттық тілшілерімен сөйлесуге құлықсыз.
📌 Украинаны Ресей тағы да дронмен, қанатты зымыранмен атқылады. Ал Бахмут қаласын орыстар "басып алдық", украиндер "қорғап тұрмыз" дейді.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Беларусь елінде таяуда сегіз жылға сотталып, түрмеге жабылған NEXTA оппозициялық басылымының бас редакторы Роман Протасевичке рақымшылық жасалған.
Мамырдың бас кезінде Минск соты "билікті басып алу мақсатымен жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен оны сегіз жылға соттаған еді.
NEXTA ісі бойынша айыпталған тағы екі адам – Степан Путило 20 жылға, Ян Рудик 19 жылға сырттай сотталған.
t.me/azattyq
"Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін" деген дума депутаты Ресей СІМ араласуымен Қазақстанға кірген
"Қазақстан Украинаның кебін киюі мүмкін" деп мәлімдеген Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Ресей сыртқы істер министрлігі араласқаннан кейін Қазақстанға кірген. Бұрын Затулиннің Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салынған.
Бұған дейін кремльшіл "Sputnik Ближнее зарубежье" ақпарат агенттігінің телеграм-арнасы Ресей депутаты баспасөз қызметіне сілтеп, Затулин "шекарадағы паспорт бақылауынан өткізілмегенін" хабарлаған.
Депутаттың баспасөз қызметінің жетекшісі Затулин "теннистен әуесқойлар турнирінің ашылу салтанатына қатысатынын" жариялаған. Оның сөзінше, Қазақстанға кірерде "белгілі бір проблемалар болған, бірақ мәселе Ресей сыртқы істер министрлігі араласқан соң шешілген".
ҰҚК баспасөз қызметі Азаттық сауалына жауап бермеді.
Фото: zatulin.ru
"Әділдік іздегенім үшін жұмыстан қуылдым". Әрі дәрігер, әрі белсенді, әрі депутат және оның күресі
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауылында тұратын 32 жастағы эпидемиолог Мирас Әлібекұлы әп-сәтте тұрақты жұмысы мен табысынан айырылған. Оны 10 жыл бойы еңбек еткен мемлекеттік ауруханадан шығарып жіберген. Үш баланың әкесі жұмыстан шығуыма ауруханаға бөлінген ақшаны игерудегі заңбұзушылықтарды әшкерелеп, азаматтық белсенділік танытуым себеп болды дейді. Аурухана басшылығы жағдайды басқаша түсіндіреді.
ОҚУ
Кишинёвте мыңдаған адам митингіге шығып, Еуропа одағына қосылуды қалайтынын білдірді
Жексенбіде Молдова астанасы Кишинёв қаласында ондаған мың адам митингіге шығып, Еуропа одағымен ынтымақтастықты қалайтынын білдірді. Полиция мәліметіне қарағанда, акцияға 75 мыңға жуық адам қатысқан.
Президент Майя Сандудың бастамасымен үкімет ұйымдастырған бұл митингіні оппозиция мен еуропашыл кей партиялар қолдамаған. Олар мұны "билікшіл "Әрекет пен ынтымақтастық" партиясының сайлау алдындағы үгіт-насихатына жатқызады" деп хабарлады Азаттық радиосының Молдаван редакциясы.
Еуропа парламентінің төрағасы Роберта Метсола қатысқан митинг Еуропа саяси қауымдастығының Кишинёвте өтетін саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Саммит 1 маусымда өтеді. Бұл кездесуде Майя Санду Молдованың Еуропа одағына мүшелігі жөнінде келіссөзді тезірек бастау ниетіне қолдау тапқысы келеді дейтін болжам бар.
Ресей тергеуі Волгоградта Құран өртеген адамды "Украинаның арнаулы қызметі жіберген" деп санайды
Ресейдің Волгоград қаласының тергеу комитеті мешіт маңында Құран өртеген адамның үстінен діни наным-сенімді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу мәліметіне қарағанда, ұсталған күдікті бұрын Украина қауіпсіздік қызметінде "жұмыс істеген". Бұл іс Шешенстанда тергеледі, Ресей әділет министрі күдіктіні "мұсылман халықтары көп аймақтағы колонияға жіберуді ұсынған.
Құранды өртеген видео Волгоград қаласының орталық мешіті маңында түсірілген. 11 секундтық ролик орыс тілді телеграм-арналарда таралған. 20 мамырда Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің күдіктіні ұстаған видеосы жарияланған. Видеоға қарағанда, Севастополь қаласында туған 19 жастағы Никита Журавель қарапайым курьер болып жұмыс істейді.
Тергеу нұсқасына қарағанда, 19 мамырда Журавель "Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасы бойынша Құранды өртеген, сол үшін 10 мың рубль алатын болған. Күдікті кінәсін мойындаған, Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасымен әскери нысандарды суретке, видеоға түсірген". "Тыңшылық жасады немесе шетел агентімен байланысты деген баптар бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, я қозғалмағаны туралы тергеу ақпарат бермеді" дейді Кавказ.Реалии.
Oyan, Qazaqstan белсендісі Дархан Шәріпов қамаудан босап шықты
Жексенбі күні кешке қамау мекемесінің алдынан оны жақтастары қарсы алды.
Oyan, Qazaqstan! белсенділері Влада Ермольчева мен Дархан Шәріповті сот 7 мамырға қараған түні "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, 15 тәулікке қамаған. Екі белсенді президент және парламент сайлауына қатысты наразылық акциялары үшін сотталды. Белсенділер шешімге қарсы болған.
Аппелляциялық сот белсенділердің шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Бүгін түнде Влада Ермольчева да қамаудан шығуы тиіс.
Видео: Masa.media
Жапониядағы сапары кезінде журналистердің "Бахмут украин әскерінің бақылауында ма?" деген сұрағына жауап берген Украина басшысы Владимир Зеленский "жоқ деп ойлаймын" деген
Алайда кейін Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров журналист президенттен "Ресей Бахмутты тұтас басып алдық дейді, оған не дейсіз?" деп сұрағанын, Зеленский оған "жоқ деп ойлаймын" деп жауап бергенін, осылайша орыс әскерінің қаланы басып алғанын жоққа шығарғанын айтты.
Ресей әскері Донецк облысындағы шағын Бахмут қаласын 2022 жылдың жазынан бері басып алуға тырысып келеді.
"Олар оны тұтас жермен-жексен еткенін білуге тиіссіздер. Қазір Бахмут тек біздің жүрегімізде ғана қалды" деді Зеленский.
t.me/azattyq
Халықаралық қылмыстық сотқа қатысушы елдер Ресей билігінің Путинді тұтқындауға ордер берген прокурорға іздеу жариялағанына алаңдаушылық білдірді
Бұл жөнінде ХҚС-қа қатысушы мемлекеттер Ассамблеясы президиумының мәлімдемесінде айтылған. Мәлімдеме авторлары Мәскеудің әрекетін "қорқыту амалы" деп атап, осылайша Ресей билігі "Халықаралық қылмыстық соттың халықаралық дәрежедегі ауыр қылмыстарды зерттеу, жазалау және алдын алу бойынша мандатына нұқсан келтірмек болды" дейді. Сот өкілдері мәлімдемесінде қысымға назар аудармай, миссиясын жалғастыра беретінін айтты.
Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Ханға Ресейдің іздеу жариялағаны жұма күні белгілі болды. Оның аты-жөні Ресей ішкі істер министрлігінің дерекқорында пайда болды. Бұған дейін Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры мен үш судьясына қарсы Ресейде қылмыстық істер қозғалған. Судьяларға іздеу жарияланбаған.
t.me/azattyq
Ресейлік телеграм-арналар "База", Mash және Shot сенбі күні күндіз Украина аумағынан қарулы топ Ресейдің Белгород облысына өтуге талпынғанын жазды.
"Базаның" жазуынша, 19 мамырда кешке Калашников автоматы, гранатомет, винтовка және пулеметтармен қаруланған топ ресейлік шекарашылармен атысқан.
Ақпаратқа қарағанда, оқиға шекарадан бір шақырым жердегі Красный Хутор ауылы маңында болған. Шекарашылар шабуылға тойтарыс берген. Mash-тың жазуынша, қарулы топта 15-тен астам адам болған, 5-10 адам аралығында жарақат алған. Shot 4 адамның жараланғанын жазды.
t.me/azattyq