"24 оқ ізі қалған". Асхат Бегешовтың отбасы марқұмды жазықты қылған билікке наразы
9 қаңтарда Тараз қаласында туған-туыстары 65 жастағы Баян Бегешованы ақтық сапарға шығарып салды. Бегешовтар отбасы тура бір жыл бұрынғыдай тағы да қара жамылды. Баянның ұлы Асхат Бегешов былтыр қаңтардың жетісіне қараған түні Таразда күш құрылымдары атқан оқтан қаза тапқан. Қайғыдан құса болып, ауыр дертке шалдыққан анасы араға бір жыл салып баласының қабірі жанынан мәңгілік мекенін тапты. Асхаттың үстінен "комендант сағаты кезінде билік өкіліне бағынбады" деген айыппен қозғалған іс кейін тоқтаған. Билік оған оқ атқандарға іс қозғамаған.
ОҚУ
t.me/azattyq
Қазақстан шахматшысы Бибісара Асаубаева Қытайдағы турнирде күміс алды
Қазақстанның 18 жастағы шахматшы қызы Бибісара Асаубаева Қытайда өткен The Belt and Road 2023 to World Chess Woman’s Summit турнирінде екінші орын алды. Бұл жөнінде Sports.kz. басылымы хабарлады.
Бибісара Асаубаева турнирде бірінші орын алған Әзербайжан өкілі Гюнай Мамедзаде секілді 8,5 ұпай жинаған, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша екінші орынға түскен.
"Жексенбіде Қытайдағы турнирде ойнап үлгердім. Ұтылған жоқпын, кемі бір ұпай көбірек алатын мұмкіндігім болды. Өкінішке қарай тай-брейк ойналмайды, үшінші қосымша (жеңіс саны) бойынша екінші орын алдым. Келер жолы ұтқан партияларды көбейте түсу керек", — деп жазды Асаубаеваның өзі Instagram парақшасына.
Желтоқсан айының соңында Бибісара Асаубаева Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын медаль алып, шахматты жылдам ойнаудан әлемнің екі мәрте чемпионы болған.
t.me/azattyq
О дүниеге хат. Қанды Қаңтарда ұлынан айырылған ананың шері
Ресми дерек бойынша, 2022 жылы қаңтарда Қазақстандағы алаңдар мен түрмелерде 238 адам қаза тапты. Ал қаңтардан кейін шаңырағы шайқалған отбасы мен денсаулығынан айырылған адам қанша екені белгісіз. Қаңтар қырғынында етжақын туысынан айырылғандар жылды қалай өткерді? Басына оқ тиіп мерт болған кішкентай Сұлтанның анасы Гаухар Керімбекова өзегін өртеген қайғы-шерді қағазға түсіріп, марқұм ұлына хат жазумен болғанын, баласынан кешірім сұрағанын айтады.
ОҚУ
t.me/azattyq
Бразилияның бұрынғы президентінің жақтастары парламент ғимаратына басып кірген
Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың жақтастары жексенбіде ел астанасы Бразилиа қаласындағы парламент ғимаратына басып кірген.
Болсонарудың жақтастары әуелі ғимараттың шатырына шығып, сонан соң отырыс залына кірген. Полиция тосқауыл қоя алмаған.
Болсонару жақтастары президент сарайы мен Жоғарғы сот ғимаратына да ұмтылған, бірақ кіре алмаған.
Билік өкілдері қалаға құқық қорғау органдарының қосымша күштері тартылып жатқанын мәлімдеді.
t.me/azattyq
Ресей әуе күштерінің авиациясы Беларусь жеріне "бірлескен жаттығу өткізуге" барған
Беларусь қорғаныс министрлігі Ресей әуе күштерімен бірге тактикалық жаттығу өткізетінін, оған әскери әуе күштері түгел қатысатынын мәлімдеді. Жаттығу 16 қаңтарда басталып, ай соңына дейін жалғасады. Беларустегі жаттығуға қатысу үшін Ресей авиациясы да жеткен.
Бұған дейін Беларусь жеріне Ресейдің он мыңға жуық солдаты апарылған. Мұны екі елдің билігі "батыс шекарадағы жағдайдың ушыққанына байланысты өткізілетін жаттығу" деген болатын.
Украина әскери басшылығы Ресей әскері Беларусь жерінен жаңа шабуыл бастауы мүмкін екенін әлденеше рет мәлімдеген. Соғыс басталған кезде алғаш рет мұндай талпыныс болған.
t.me/azattyq
Украина Рождестводан кейін Ресей соққылары туралы айтты
8 қаңтарға қараған түні Ресей әскері Украинаның Харьков облысындағы Мерефа қаласын атқылаған. 50 жастағы бір тұрғын қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.
Запорожье облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Александр Старух телемарафон эфирі кезінде Орехов қаласына гуманитарлық көмек әкелген БҰҰ-ның аймақтағы миссиясы атқыланғанын айтты.
t.me/azattyq
Лондон Украинадағы әскери қылмыстар туралы конференция өткізеді
Көптеген елдің әділет министрлері шақырылатын конференцияға Ұлыбритания әділет министрі, британ үкімет жетекшісінің орынбасары Доминик Рааб Нидерландыдағы әріптестерімен бірге жетекшілік етеді, деп жазды сенбі күні DPA агенттігі.
Ақпаратқа қарағанда, жиында халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Карим Ханның әскери қылмысты тергеудегі әлем қауымдастығының рөлі және тергеу нәтижесі туралы есебі тыңдалады.
t.me/azattyq
Қытайда коронавирус шараларын сынаған қолданушылардың аккаунттары жабылып жатыр
Билік індет басталғалы бері күшінде болған шектеу шараларын алып жатыр.
8 қаңтардан бастап Пекин елден шыққысы келетін немесе өзге аймақтарға барғысы келетін азаматтарына қойылған ірі шектеулерден бас тартты. Шетел азаматтарына да қойылған шектеулер алынады.
t.me/azattyq
Иранда наразылыққа қатысқан тағы екі адам дарға асылды
CNN телеарнасының хабарлауынша, осылайша наразылыққа қатысқаны үшін дарға асылғандар төрт адамға жеткен.
22 жастағы Мұхаммад Мехди Карами және 39 жастағы Мұхаммад Хуссейни "Басидж" (Ислам революциясы сақшылар корпусына кіретін еріктілер жасағы) қызметкерлерін өлтірді деп айыпталған. Бұл іс бойынша, тағы үш адам өлім жазасына кесілген, 11 адам түрме жазасын алған.
t.me/azattyq
Украинаның Буча қаласында қазақ үй тігілді. Жабдық Қазақстаннан әкелінген
6 қаңтарда Украинаның Киев облысында Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Бучада "Незламності" яғни, "мызғымастық" пункті ашылды. Пункт қазақ үй ішіне орналасқан.
Украин парламентінің депутаты Сергей Нагорняк Фейсбук желісінде жоба қазақстандық кәсіпкерлер мен Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің арқасында пайда болғанын хабарлады.
t.me/azattyq
ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің туысы Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов үстінен қозғалған қылмыстық істі сот прокуратураға қайтарды.
Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, материалдарды қайтару туралы шешім 6 қаңтарда алдын ала сот тыңдауы кезінде қабылданған.
Нұрлан Мәсімов және облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимовке пара алу және бөтеннің мүлкін иемдену баптары бойынша айып тағылып отыр. Тағы бір айыпталушы, кәсіпкер Евгений Евкаков бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе жұмсауға көмектесті деген күдікке ілінген.
Соттың айтуынша, істе қылмыстық-процессуалдық заңнама ережелері бұзылған: сыбайластар әрекетін сипаттаған кезде атқарушы мен ұйымдастырушының рөлдері анықталмаған.
"Қандай қылмыстың нәтижесінде айыпталушының мемлекетке шығын келтіргені түсініксіз" деп жазылған сот хабарламасында.
t.me/azattyq
АҚШ-та конгрессмендер төрт күн бойы 15 рет дауыс берген соң өкілдер палатасының спикерін сайлай алды. Республикашыл Кевин Маккарти Конгрестің кіші палатасының төрағасы болып сайланды.
Ақпаратқа қарағанда, Калифорниядан шыққан 57 жастағы заң шығарушы орган өкіліне бірқатар шарттармен келісуіне тура келген. Дауыс беру кезеңінің ешқайсысында Маккарти қажетті 218 дауыс ала алмаған.
Соңғы раунд кезінде алты конгрессмен кандидаттардың ешқайсысын қолдамаған, бұл 216 дауыс жинаған Маккартиге спикер болып сайлануына мүмкіндік берген.
t.me/azattyq
Билік былтыр жыл басында болған оқиғаны "террористердің шабуылы" әлдебір топтардың "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынысы" деп бағалайды. Азаттық бірнеше қаланың тұрғындарынан "қаңтар сіз үшін қандай күн, қандай оқиға?" деп сұрады.
t.me/azattyq
Талдықорғандағы «Қаңтар»
Қаңтар оқиғасы кезінде қоғам назарын аударған қаланың бірі – Талдықорған. Мұнда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлады. Әскерилер атқан оқтан бейбіт тұрғындар қаза тапты. Абақтыда тергеушілер ұсталғандарды азаптап, арқаларына үтік басты. Бір жылға жуықтаса да бұл оқиғаларға байланысты қозғалған қылмыстық істердің көбі әлі бітпеген. Азаттық журналисі қалаға қайта барып, куәгерлермен сөйлесті.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Алматыда Республика алаңына келген белсенділер мен қала тұрғындары тарап кетті. Әр уақытта әр жақтан келген адамдардың саны 20-дан асады. Бірақ олар бір жерге жинала алмады.
Монумент жартылай қоршалған. Полиция мен әкімдік өкілдері сырттай бақылап тұр.
Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың жақтастары жексенбіде ел астанасы Бразилиа қаласындағы парламент ғимаратына басып кірген
UPD: Жаир* Болсонарудың жақтастары әуелі ғимараттың шатырына шығып, сонан соң отырыс залына кірген
t.me/azattyq
Күн райының күрт бұзылуына байланысты Қазақстанда 60-тан астам жол учаскесі жабылған
Күн райының күрт бұзылуына байланысты Қазақстан автожолдарының 61 учаскесінде жол жабылған. Мұны төтенше жағдайлар минисрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оның 26-сы республикалық маңыздағы жол учаскелері.
Қазір Астана – Шортанды бағытында (сегіз жүк көлігі), Ақтөбе облысындағы Ақтөбе – Қарабұтақ (30 автокөлік), Абай облысындағы Қалбатау жолында (46 көлік) және Көкпекті – Қалбатау (39 көлік), Павлодар облысындағы Шідерті – Қарағанды (20 көлік) жолында көліктер тұрып қалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, арасында 9 бала бар 37 адам құтқарылған.
t.me/azattyq
Швеция премьері: Түркияның шартын түгел орындау мүмкін емес
Швецияның НАТО-ға қосылуы үшін Түркия қойып отырған шарттарды түгел орындау мүмкін емес. Бұл жөнінде Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон мәлімдеді. Ол Швецияның НАТО-ға қосылуына түбінде Түркия келісім беретініне сенімді екенін айтты.
Кристерссонның "Түркия өзі қойған шарттардың бәрін Швеция қазірдің өзінде орындады деп отыр. Бірақ тағы да шарт қойғысы келеді. Біз ол шарттарын орындай алмаймыз, орындағымыз да келмейді" деген сөзін Reuters агенттігі таратты. Бірақ нақты қандай шарттар қойғанын атамаған.
Көптеген жылдардан бері бейтарап саясат ұстанып келе жатқан Швеция мен Финляндия 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң мамыр айында НАТО-ға қосылғысы келетіні жөнінде өтініш жазған. НАТО-ға мүше болу үшін НАТО-ның 30 мүшесі түгел келісім беруге тиіс. Қазір 28 мемлекет келісіп отыр. Венгрия да таяуда хаттаманы бекітеді.
t.me/azattyq
Украинадан аннексиялаған жерлер Ресей аумағы деп көрсетілмеген карталарды Мәскеу "экстремистік материал" деп есептейді
Ресей үкіметі "Ресей жерінің тұтастығына күмән келтіретін" карталарды, яғни Украинадан аннексиялаған жерлер Ресей аумағы деп көрсетілмеген карталарды экстремистік материалға теңестіретін заң жобасын құптайтын пікір білдірді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Украинаның төрт облысының Ресейге қосылғаны туралы заң жобасы мемлекеттік думаға түсіп, алғашқы оқылымы өтті. Заң жобасына жазылған түсініктемеде "кейінгі кездері Қырым мен Курил аралдарының және басқа да кейбір аймақтардың Ресей жері екеніне күмән келтіретін карталар мен өзге де суреттер жиі тарай бастады" деп жазылған.
Заң жобасында мұндай карталарды таратқан жеке тұлғаларды 15 тәулікке дейін қамап, заңды тұлғаларға 1 миллион рубльге дейін айыппұл салу көзделген.
t.me/azattyq
Германия полициясы 8 қаңтарда теракт жасамақ болды деген күдікпен Солтүстік Рейн-Вестфалия тұрғынының ұсталғанын хабарлады
Құқық қорғау органдарының пікірінше, ол цианид және рицинмен адамдарды уламақ болған.
Күдіктінің аты-жөні айтылмайды. Оның 32 жастағы Иран азаматы екені, Германия батысындағы Кастроп-Рауксель қаласында тұрғаны белгілі. Оның радикалды діни ағым мүшесі екені айтылады. Полиция онымен бірге бір пәтерде болған тағы бір адамды ұстаған. Рицин адамдарды жаппай жоятын қару түріне жатады.
t.me/azattyq
Жапаров Қырғызстанның сыртқы қарызын жасыл жобаларға "алмастыруды" сұрады
"Қазіргі кезде Қырғызстанның сыртқы қарызының көлемі – 4,2 млрд доллар. Әрине, сыртқы қарызды өтеу бойынша мойнымызға алған міндеттерді әрі қарай да орындай береміз. Тек жасыл экономиканы дамыту және әлемдегі экология ахуалын бірігіп жақсартуға үлес қосу жөнінде бастама көтеріп отырмыз. Сыртқы қарызды өтеуге арналған қаражат жасыл бастамаларды қолдауға бағытталса жақсы болар еді. Аталған жобаларды тек донорлар мен серіктестер қаржыландырсын деп отырған жоқпыз. Біз өз тарабымыздан да сондай жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз" деп жазды президент Facebook парақшасында.
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ел көзіне жиі түспейтін болды. Көзден кеткен Назарбаев, көңілден де кеттті ме, әйтеуір ол туралы мемлекеттік арналар да қазір көп айтпайды. Қаңтарда қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясын Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізген ол биліктен де шеттеп қалды.
t.me/azattyq
Қаңтар оқиғасы. Қазақстан кінәмшіл ме әлде көрші елдер шамшыл ма?
Қазақстан бас прокурорының Қаңтар оқиғасына көрші елдер азаматтарының қатысқанын айтқаны мұң, кейбір елдер оған реакция білдіріп үлгерді. Бұл жолы тек бір жыл бұрын айтылған Таяу Шығыс пен Ауғанстан аталмады. Қазақстан оқиғаға «қатысқан» әлдебір шетелдіктердің кім екенін дәлелдей алмай келеді.
🔗СІЛТЕМЕ
t.me/azattyq
Зеленский ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің ресейлік 119 азаматқа қатысты санкциясын күшіне енгізді
Жарлық президент сайтында жарияланды.
Тізімге режиссер Никита Михалков, әртіс Евгений Петросян, саясаттанушы Александр Дугин, мемлекеттік "Россия сегодня" агенттігінің жетекшісі Маргарита Симонян және Дмитрий Киселев, тележүргізуші Жанна Бадоева, актерлар Дмитрий Дюжев, Дмитрий Харатьян, Михаил Галустян, әнші Лолита Милявская және футболшы Анатолий Тимощук енген.
Санкция сонымен бірге музыкант Сергей Лазарев, Александр Панайотов, Лариса Долина, Валерий Кипелов, Ирина Аллегрова, Филипп Киркоров, Стас Пьеха, Михаил Шуфутинский, Анита Цой, Сергей Бобунец, Василий Вакуленко (Баста) және өзге әншілерге салынған.
t.me/RadioAzattyq
Қанды Қаңтарға бір жыл: "Билігі күшейген" Тоқаев, "Назарбаев пен отбасының жұмбақ рөлі" һәм жауапсыз сұрақтар
Батыс басылымдары бұл аптада бір жыл бұрын Қаңтар оқиғасы шын мәнінде қалай болды, оның артында тұрғандар кімдер дегенді талдады. Сонымен қатар оқиғадан кейін «ел байлығы мен ресурстар әділетті бөлінеді» деген Тоқаевтың уәдесі іске асты ма дегенге үңілді. Одан бөлек оқиғадан бері бір жыл өтсе де, көптеген сұрақ сол күйі жауапсыз қалғанын жазды.
🔗ОҚУ
t.me/azattyq
Путин Кремль соборындағы Рождество рәсіміне жалғыз өзі барып қайтты
7 қаңтарға қараған түні православ христиандары Юлиан күнтізбесі бойынша кіретін Рождествоны атап өте бастады.
Ақпарат құралдары мен интернет қолданушылары Ресей басшысы Владимир Путиннің Кремльде Благовещенский соборындағы құлшылық қызметіне жалғыз өзі барып қайтқанына назар аударды. Путиннен басқа храмда тек дінбасы ғана болған. Мұны Ресейдің мемлекеттік "Россия 1" арнасы көрсеткен кадрлардан байқауға болады.
t.me/azattyq
Өзбекстанда үнділік Marion Biotech компаниясының жөтелге қарсы шәрбатын ішіп, қайтыс болған 19 баланың өліміне байланысты істе төрт адам қамауға алынды.
Бұл жөнінде 6 қаңтарда Өзбекстан қауіпсіздік қызметі хабарлады.
Екі күдікті – дәрі-дәрмек стандарты жөніндегі ғылыми орталықтың жауапты қызметкерлері. Олар "Док-1 Макс" дәрісін зертханадан өткізу кезінде өрескел ереже бұзды деген күдікке ілінген. Шәрбатты елге импорттаған Quramax Mediсal компаниясының қызметкері де қамауға алынған.
t.me/azattyq
АҚШ билігі Украинаға құны шамамен 3 млрд доллар болатын әскери көмек беретінін ресми түрде мәлімдеді.
Оған алғаш рет жаяу әскерге арналған Bradley әскери техникасы, өздігімен жүретін артиллериялық қондырғылар және зениттік Sea Sparrow ракеталары кіреді, деп хабарлады АҚШ қорғаныс министрлігі.
Көмек аясында Украинаға Пентагон қоймаларынан қару-жарақтар беріледі, 285 миллион доллары Украина қарулы күштерін жаңартуға жұмсалады.
t.me/azattyq
Алматыда ұсталғандар туралы ақпарат жоқ. Фейсбуктағы "Белсенділер экстремист емес" тобы 7 қаңтарда таңертең Алматыда белсенді Айдар Мүбәраков ұсталған болуы мүмкін деп жазған. Топта жарияланған видеода белсендіге жәй киім киген ер адамның күш көрсетіп, телефонын тартып алуға тырысқаны байқалады. Телефон жерге түсіп қалғанға ұқсайды, онда не болып жатқаны көрінбейді. Белсендінің "жұмысқа бара жатырмын" дегені ғана естіледі. Видео үзіледі.
Читать полностью…Астанада "Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өтеді" деген жерде полиция төрт адамды ұстап әкетті, деп хабарлады "Власть" сайты. Полиция Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті қоршаған. Тек гүл көтеріп келген бір әйелге ғана гүл қоюға рұқсат берген.
Читать полностью…