Ресми Бішкек: Қырғыз азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ
5 қаңтарда күндіз Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов мәжіліс отырысында "Қаңтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан азаматттарынан бөлек, Қырғызстан азаматтары да бар" деген еді.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі бейсенбі күнгі мәлімдемесінде "қырғыз азаматтарының Қазақстандағы қайғылы оқиғаға қатысы барын түбегейі түрде" терістеген.
"Дегенмен жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу аясында Қырғызстанның екі азаматы жауапқа тартылып, шартты жаза алған. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес жағдайларға байланысты жекелеген эпизодтарға кездейсоқ араласқан" деп жазылған Қырғызстан СІМ мәлімдемесінде.
t.me/azattyq
Ресми Бішкек: Қырғыз азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысы жоқ
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 5 қаңтарда мәлімдеме жариялап, қырғыз азаматтарының Қазақстандағы Қаңтар қырғынына еш қатысы жоғын мәлімдеді. 5 қаңтарда күндіз Қазақстан бас прокуроры Берік Асылов мәжіліс отырысында "Қаңтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздікке қатысты күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан азаматттарынан бөлек, Қырғызстан азаматтары да бар" деген еді.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігі бейсенбі күнгі мәлімдемесінде "қырғыз азаматтарының Қазақстандағы қайғылы оқиғаға қатысы барын түбегейі түрде" терістеген.
"Дегенмен жаппай тәртіпсіздік фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу аясында Қырғызстанның екі азаматы жауапқа тартылып, шартты жаза алған. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес жағдайларға байланысты жекелеген эпизодтарға кездейсоқ араласқан" деп жазылған Қырғызстан СІМ мәлімдемесінде.
t.me/azattyq
"Оқ бар, оқ атқан адам жоқ". Өскеменде Қаңтар құрбандарын еске алды
5 қаңтарда Өскеменнің орталық мешітінде ШҚО-да Қаңтар оқиғасында оқ ұшқан үш адам – Қуаныш Қабылқанов, Жолжарық Есенжолұлы, Айдос Алдашовтың жақындары мен облыс әкімі Даниал Ахметов құран бағыштады. Кейін марқұмдардың туыстары қаланың орталық алаңында еске алу рәсімін өткізді.
Қаңтар құрбандарының жақындары жаңа жылдық безендіру жүргізілген алаңға марқұмдардың суреттері, оларға арналған өлең жолдары жазылған тақтайшалар және гүл шоқтарын қойды. Әйелдер қар ұшқыны қонған үш марқұмның суреттерін қайта-қайта шытпен сүртіп, ұзақ жылады.
Жақынынан айырылғандар кінәлі адамдар әлі табылмағанын айтады.
"Оқ бар, бірақ оны атқан адам кім екені айтылған жоқ" деді Қуаныш Қабылқановтың әйелі Дина.
"Тергеу амалдары жылжып жатыр деп айта алмаймын. Нақты ештеңе айтпайды, тек тергеу жүргізіліп жатыр дейді, болды" деді Айдос Алдашовтың туысы Нәзира Құнапиянова.
t.me/azattyq
АҚШ өкілдер палатасының спикерді таңдай алмай жатқанына екі күн болды
Республикалық партия жетекшісі Кевин Маккарти өкілдер палатасының спикері ретінде сайлану үшін осымен алтыншы рет қажетті дауыс жинай алмады. Бұл жөнінде Reuters агенттігі жазды.
3 қаңтарда Конгресс мүшелері дауыс берудің үш раундын өткізген. Ертесінде спикерді сайлауға тағы талпыныс жасап, үш рет дауыс беру өткізген. Алайда радикалды республикашылдар партияластарын қолдаудан бас тартқан. Соның нәтижесінде дауыс беру 5 қаңтар сағат 12-ге дейін (Астана уақыты бойынша сағат 23.00) шегерілген.
Жүз жыл ішінде өкілдер палатасы алғаш рет спикерін таңдай алмай отыр. 1923 жылы спикерді таңдау үшін тоғыз тур керек болған.
t.me/azattyq
Бас прокуратура: Азаптау бойынша 329 қылмыстық іс қозғалған. 24-і сотқа жіберілді
Қаңтар оқиғасынан кейін азаптау бойынша 329 қылмыстық іс қозғалған. Қазірге дейін 24-і сотқа жіберілді. 5 қаңтар күнгі мәжілістің пленарлық отырысында бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.
Алматы облысының полиция ғимаратында азапталған 24 адам сонымен бірге Алматы қаласының тергеу изоляторы мен Бостандық полиция бөлімінде азапталған Радченко, Бекжанов және Анафияевтің шағымы бойынша істер сотқа жөнелтілген.
Бұған қоса, азаптаудан көз жұмған Талдықорғанда – Мұқашев, Алматыда – Өтепбаев және Семейде Жотабаевтың азапталуына қатысты істер бойынша тергеу аяқталған.
Бас прокуратура мәліметінше, азаптау туралы 329 істің 34-ін арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Ол істер бойынша полиция және ҰҚК қызметкерлері күдікке ілінген.
t.me/azattyq
Бас прокурор: Қаңтар оқиғасына дайындық жыл бойы жүргізілген
Бас прокурор Берік Асылов 5 қаңтар күнгі мәжілістің жалпы отырысында Қаңтар оқиғасына дайындық жыл бойы жүргізілген деп мәлімдеді.
"2021 жылы жыл бойы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған" деді Асылов.
Тергеу болжамынша Алматыда Арман Жұмагелдиевтің рөлі күшті болған. "Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды" деді ол.
Бас прокурордың сөзінше, қылмыстық топ арасында танымал Арман Жұмагелдиев тәріпсіздікті ұйымдастырып, тобырды бақылауына алып, билікке "радикал талаптар қою үшін" "халық кеңесін" құруды көздеген. Тергеу органдарының болжамынша, оған Алматы мәслихатының экс-депутаты, сонымен бірге қылмыстық топ мүшесі Махатов көмектескен. Махатов Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйіне келген бұзақыларға қару үлестірген.
t.me/azattyq
Бас прокурор Қаңтар қантөгісі кезінде әскердің оқ атуы туралы: Алғаш рет қару 5 қаңтарда қолданылды
Қаңтар қантөгісі кезінде алғаш рет әскери қару 5 қаңтарда сағат 16.00-де Алматыда президент резиденциясын қорғау кезінде қолданылды. 5 қаңтарда мәжілісте Қаңтар қантөгісіне қатысты сұрақтарға жауап берген бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, одан бөлек "әкімдік, полиция сияқты мемлекеттік нысандарға шабуыл жасалған кезде яғни, тәртіпсіздік күш қолдану фазасына ауысқан кезде қару қолданылған". Бұдан соң "қалаларды қарулы содырлардан тазартқан кезде" пайдаланылған.
"Яғни, шабуылдаушыларға оқ президенттің белгілі мәлімдемесіне (Тоқаевтың ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені туралы мәлімдемесі - ред.) дейін атылған. Бұл бойынша талқылаулардың барлығы әдейі қоғам пікірін қалыптастыру жағына қарай ойысып барады. Іс жүзінде күштік құрылымдарға қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы бұйрық керек жоқ. Бұл бойынша заң нормалары бар" деді Берік Асылов.
Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам қаза болған. 19-ы - күштік құрылым өкілі. Марқұмардың тізімін құрастырған құқық қорғаушылар мен белсенділердің айтуынша, қаза болғандардың басым бөлігі – қаруы жоқ ешқандай агрессия көрсетпеген қарапайым адамдар.
t.me/azattyq
Риддерде жылу электр орталығында тағы да апаттық жағдай. Тұрғындар "үй салқын" деп шағынады
Риддер жылу электр орталығының күл шығару жүйесіндегі станциясында сорғы істен шығып, станция "су астында қалды". Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
"Қазір багер станциясында апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, төрт мотопомпа, төрт суасты сорғылары іске қосылды. Төтенше жағдай жөніндегі штабтың ақпараты бойынша, үш-төрт сағат ішінде апаттың салдары жойылады" деп жазды Ахметов.
Әкім станцияда дәл осындай жағдай екі ай бұрын – 5 қарашада да болғанын айтады. Ол кезде қаладағы 22 мың отбасына берілетін жылу температурасы екі есеге жуық төмендеген еді.
Облыс әкімі бұл жолы "жылу температурасы азаймайды" деді. Дегенмен тұрғындар әлеуметтік желіде үйлері салқын екенін жазып жатыр.
t.me/azattyq
Bloomberg: McDonald’s Қазақстан нарығынан кетуі ықтимал
Ресейден ет тасымалдау мүмкіндігінен айырылған McDonald's Қазақстан нарығынан кетуі ықтимал. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Bloomberg агенттігі жазды.
Агенттіктің хабарлауынша, Ресей нарығынан кеткен соң McDonald's Қазақстандағы франчайзиге Ресейден ет сатып алуға тыйым салған. Қазақстандағы McDonald’s франшизасының операторы Food Solutions KZ тасымалдау мәселелеріне байланысты жұмысын қараша айында тоқтатқан еді.
Жергілікті "Атамекен" арнасының хабарлауынша, желтоқсан ортасында қазақстандық өндірушілер McDonald's мейрамханасына өз өнімдерін жеткізуге даяр екенін мәлімдеген. Сол кезде арна Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машановтың "мейрамхана жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқаны туралы" сөзін келтірген болатын.
"Еліміздің нарығында жұмысымызды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, мейрамхананың жұмысын қалпына келтіруге күш саламыз. Біздің компания елдегі ірі жұмыс берушілердің бірі. Қазақстан нарығына салыстырмалы түрде жуырда ғана шыққан (6 жыл - ред.) брендті әрі қарай да дамытқымыз келеді. Біз халықаралық бренд болғандықтан қазіргі геосаяси жағдай бізге де әсер етіп отыр" деді Әсет Машанов.
t.me/azattyq
Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар көбейіп, крематорийлерде орын қалмаған
Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар көбейіп, елдегі крематорийлерде орын қалмаған. Бұл жөнінде Қытайда жерлеу қызметін көрсететін мекеме жұмысшылары және сарапшыларға сүйенген Bloomberg агенттігі хабарлады. Агенттік "жүйенің тұралап қалғанын" айтты.
Пекин мен Шанхай крематорийлеріндегі жұмысшылар агенттікке коронавирустан қайтыс болғандар мәйіті тәулік сайын өртелетінін, крематорийлерде орын қалмағанын айтқан. Енді бос орын тек қаңтар ортасында ғана пайда болады. Крематорий жұмысшыларының бірі агенттікке күн сайын 500-ден астам мәйіт түсіп жатқанын айтқан.
Вloomberg'тің жазуынша, кейінгі кезде Қытайда мәйіттерді өртеу бойынша қызмет ұсынатын "көлеңкелі бизнес" кеңінен етек жайған. Егер бұрын кремация қызметінің құны бірнеше мың юань тұрса, қаңтарда кейбір крематорийлердің қызметі шарықтап, ондаған мың юаньға жеткен.
t.me/azattyq
Қайрат Боранбаев газдан түскен кірісті жымқыру туралы айыпты жоққа шығарды
Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы кәсіпкер Қайрат Боранбаев кезекті сот отырысында өзінің "қылмыс жасамағанын" мәлімдеді. Ол газдан түскен табысты жымқыру туралы айыпты терістеп, "бұл кәдімгі азаматтық-құқықтық келісім" деді.
"Мені акционер ретінде отырғызды. Бізде холдингте қаржы-шаруашылық қызметтерін бас директорлар жүргізеді. Компания газ сатып алып, Qazaq Gaz ұлттық компаниясына сатты. Газ сатып алу туралы келісімшартта баға формуласы жазылған. Оған сәйкес, "ҚазТрансГаз" әрбір тоннадан 10 доллардан пайда түсірген, яғни сатылымнан 20 млн доллар табыс тапқан. Бұдан бөлек, газдың барлығы Қытайға кеткен, яғни компания тағы 220 доллар табыс тапқан" деді Боранбаев Астананың №2 Сарыарқа аудандық сотында.
Ол сонымен бірге "Азия-газ Шонжы" компаниясының көлік шығынын өтегенін айтты.
"Яғни, бұл күн сайын мұнай, газ, азық-түлік саласында жасалып жататын кәдімгі кәсіпкерлік келісім. Ол заңнамаға қайшы емес. Кәсіпкерлік қызметтің негізінде, сату-алу туралы келісімнің өзегінде сол жатыр" деді Боранбаев.
t.me/azattyq
Жамбыл облысында қатты боранның салдарынан жарық пен жылу өшкен
Жамбыл облысында қатты боран соғып, кейбір ауданда электр энергиясы және жылу жүйесі өшкен. Бұл жөнінде аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген "Власть" сайты жазды. Бораннан жеті адам зардап шеккен.
Тараз маңындағы Құмшағал және Күлтоған ауылдарында жарық сөніп, Талас ауданының Қаратау қаласында боран көпқабатты тұрғын үй мен әкімдіктің шатырын ұшырып әкеткен. Жаңатаста электр бағаналары құлаған.
Облыс әкімдігі бораннан Талас ауданында - бес адам, Таразда екі адам зардап шеккенін хабарлады.
t.me/azattyq
3 қаңтарда Мәскеу маңында Ресей жоғарғы кеңесінің бұрынғы хатшысы, ресейлік саяси қайраткер Руслан Хасбулатов 80 жасында қайтыс болды.
Құқық қорғаушы Александр Черкасов Фейсбукте саясаткерді жерлеу рәсімі 4 қаңтарда Шешенстанның Толстой-Юрт ауылында өтетінін жазды.
Руслан Хасбулатов 1942 жылы Грозныйда дүниеге келген. 1965 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Плеханов атындағы университетте дәріс оқыған. 1980 жылы экономика ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғаған.
1990 жылдардың басында Хасбулатов РСФСР халық депутаты болып сайланды. 1991 жылы қазанда РСФСР жоғарғы кеңесінің 11-ші және ең соңғы хатшысы болды. 1991 жылы желтоқсанда Ресей тәуелсіз елге айналған соң парламент спикері қызметінде қалды.
t.me/azattyq
Reuters: Сақтандыру компаниялары Ресей және Украинамен жұмыс істеуден бас тартып жатыр
Сақтандыру компанияларын қайта сақтандырудан өткізетін халықаралық ұйымдардың бір бөлігі 2023 жылдан бастап Ресей, Украина және Беларусьпен жұмыс істеуден бас тарта бастады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.
Gallagher Re International төрағасы Джеймс Викерстің сөзіне қарағанда, нарыққа қатысушылардың көбі Украинадағы соғысқа байланысты сол елдерде сақтандыруға қатысты мәселелер туындағанын айтқан. Қайта сақтандырушы ұйымдар келісімшарттарын қайта ұзартқысы келмегендіктен сақтандырушылар да тұрақсыз нарықта жұмыс істеуге ықылас білдірмеген.
Reuters'тің жазуынша, қайта сақтандырушы ұйымдардың қызмет құнының өсуі сақтандырушылардың корпоративтік клиенттеріне әсер етеді. Соның салдарынан сақтандыру құны да қымбаттайды.
t.me/azattyq
Назарбаевтың Астанадағы бір резиденциясы "Қазақмыс" корпорациясына өтті
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы резиденцияларының бірі "Қазақмыс" корпорациясының иелігіне өткен. Жылжымайтын мүлік астананың Есіл ауданында орналасқан.
Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) дерегінше, 213201351753 кадастр нөмірімен тіркелген резиденцияға қазір "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік етеді. Назарбаев резиденцияға "Жылжымайтын мүліктерді басқару жөніндегі дирекция" компаниясы мен "Елбасы қоры" арқылы иелік еткен. Құқық иесінің қашан және қандай шартпен ауысқаны белгісіз.
8 жыл бұрынғы ресми құжаттарда бұл аумақ Қазақстан президентінің астанадағы "Нұра" резиденциясы деп аталған. Мемлекет меншігіндегі мүлік белгісіз жолмен жеке меншікке өткен.
t.me/azattyq
Алматыда 5 қаңтар күні бір топ адам бір жыл бұрын дүрбелең кезінде қаза тапқандарды еске алды. Қала әкімдігі марқұмдардың рухына арнап мешіттерде ас берді. Алаңға жиналған азаматтық белсенділердің қанды оқиғаның тергелуіне көңілі толмайды.
t.me/azattyq
Украина билігі: Бахмут қаласының 60 пайызы қирады
Ресей әскері бірнеше айдан бері басып алуға тырысып отырған Украинаның Донецк облысындағы Бахмут қаласының 60 пайызы қираған. Бұл жөнінде Донецк облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко хабарлады.
Бейбіт тұрғындардың басым бөлігі қаладан кеткен, алайда ол жақта әлі күнге дейін тұрып жатқандар бар. Кириленконың сөзіне қарағанда, 4 қаңтарда Бахмутта екі әйел қаза болған.
"Қарсылас тарап қалаға кіремін деп қанша талпынса да, бәрібір кіре алмайды. Олар қала шетіндегі бұрынғы позициясына қарай тықсырылды" деді Кириленко.
t.me/azattyq
Бас прокурор Қаңтарда "басы кесілгендер" туралы ақпаратты жоққа шығарды
"Қаңтар оқиғасы кезінде басы кесілгендер болған жоқ". 5 қаңтарда мәжіліс қабырасында журналистердің сұрақтарына жауап берген бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді.
"Қаңтар оқиғасы басталған кезде әр түрлі ақпараттар шықты, арасында жалған ақпарат та болды. Сегіз қалада көп ғимарат жанып жатты, әкімдіктер өртеніп жатты. Әр түрлі дереккөзден әртүрлі ақпараттар түсті. Арасында дұрыс емес ақпараттар да болды. Сол себепті біз басы кесілгендер туралы ақпаратты тексердік. Бірақ ондай тұлғаларды таппадық. Тергеу барысында толық тексердік, бірақ ондай фактіні таппадық" деді ол.
Былтыр жыл басында "басы кесілгендер" туралы ақпаратты сол кезде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Рустам Әбдірахманов та растамаған еді.
t.me/azattyq
Қанды Қаңтарға бір жыл. Айкөркемді кім атқаны белгісіз
Қазақстанда қаңтар басында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылық соңы қантөгіске ұласқан еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаға шетелден келген "террористерді" айыптап, ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. 7 қаңтар күні жақындарымен бірге дүкен іздеп жүрген төрт жасар Айкөркем Мелдехан оққа ұшқан. Туыстары оны әскерилер атқанын айтады.
t.me/azattyq
Алматыда белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алды. Әкімдік марқұмдардың туыстарын мешіттерге алып кетті
5 қаңтарда күндіз Алматыда Рысбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Еркін Рақышев, Әлнұр Илияшев, Инга Иманбай бастаған бір топ белсенді Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне жиналып, Қаңтар құрбандарын еске алды. Марқұмдарға дұға бағыштады.
Шамамен 50 шақты адам жиналған шарада Қаңтарда бейбіт халыққа оқ атқандардың әлі жазасыз қалып отырғаны, қантөгістің әділ тергелмей отырғаны айтылды.
Алаңда мобилді интернет өшірілгендіктен ол жақтан тікелей эфирде хабар тарату мүмкін болмады. Кей белсенділер видеоларын интернет бар жерге барып жариялады.
Полиция оқиғаны бақылап тұрды, бірақ өтуіне кедергі жасамады. Белсенділердің сөзіне қарағанда, олар бұған дейін әкімдікке еске алу шарасын өткізетіні жөнінде ескерту хат берген, бірақ жауап келмеген. "Әкімдіктің үнсіз қалғаны рұқсат еткені деп білеміз" деді олар.
t.me/azattyq
Азаттық дерегінше, ресми мәліметте Қаңтар оқиғасында қаза болған деп көрсетілген 238 адамның 67-і 5 қаңтарда мерт болған. Азаттық бір жылдан бері жинақтап жатқан Қаңтар құрбандары тізіміндегі 211 адамның аты-жөнін анықтады. Бас прокуратура ресми тізімді 7 айдан кейін ғана жариялады. Бірақ ол тізімде тек фамилия мен атының бас әрпі ғана берілген. Өзге ақпаратты қамтамасыз етпеді. Бас прокуратура мен Азаттық тізімінің арасында қайшылық бар.
t.me/azattyq
Кім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ
Бір жылға созылған сот тергеулерінен кейін де Қаңтардың негізгі сұрақтары жауапсыз қалды дейді сарапшылар: жүздеген адамның өліміне байланысты қозғалған істердің басым бөлігі тоқтатылған. Азаптау жайлы шағымдардың көбі жабылған. "Қаза болған жақындарымызды жалаң айыптап, қаралады" деп ашынған халық көп. Ресми Астана жұрт үміттенген халықаралық тергеуден бас тартты. Сарапшылар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғаларының кебін киді, әділетті баға беру болашақтың еншісінде дейді.
ОҚУ
t.me/azattyq
Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы қарсаңында Алматыда "Демпартияның" кемінде үш белсендісі ұсталды
Алматыда "Демпартияның" үш белсендісі Гүлнар Мирмамбетова, Аружан Дүйсебаева және Абзал Достияров ұсталды. Бұл жөнінде Азаттыққа партия белсендісі, құқық қорғаушы Инга Иманбай хабарлады.
Оның сөзінше, Мирмамбетова мен Дүйсебаеваны полиция 5 қаңтарда таңертең үйлерінен шыққан кезде ұстаған. Гүлнар Мирмамбетова – Іле аудандық полиция басқармасына, Аружан Дүйсебаева Медеу аудандық полициясына әкетілген деп айтылады.
Инга Иманбайдың хабарлауынша, полиция Абзал Достияровты кішкентай қызын балабақшаға апара жатқан кезде ұстаған. Оларды Әуезов аудандық полиция басқармасына апарған.
Полиция әзірге жауап бермеді.
Бұған дейін "Демпартия" өкілдері 5 қаңтарда күндіз Республика алаңына барып, Қаңтар құрбандарына тағзым ететінін хабарлаған.
t.me/azattyq
Белсенді Ержан Елшібаев өзін қатаң режимдегі түрмеге жібергенін хабарлады
Желтоқсанда Елшібаевты Қызылордадағы ЗК-169/5 колониясынан этаппен жіберген. Мұнда ол 2020 жылдың күзінен бері қамауда болған. Өткен айда Елшібаев өзінің жазасын бір жылдан сегіз жылға дейін ұзартқан Қызылорда сотының үкіміне апелляция түсіріп, соттан жеңілген еді.
Белсендінің айтуынша, енді оны Қарағанды облысы Абай ауданы Солтүстік Қараған ауылындағы қатаң режимді 159/5 мекемесіне этаппен жібермекші.
Белсенді отырған Ақтөбедегі КА-168/1 (қазіргі № 70 мекеме) мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов Азаттыққа Елшібаевтың мекемеге "Жаңа жылға дейін" жеткізілгенін растады.
t.me/azattyq
Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі ауруханаға түсті. Бір күн бұрын оған операция жасалған
Қаңтар дүрбелеңі кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан ауруханада жатыр. Бір күн бұрын бүйрегіне операция жасалған. Бұл жөнінде Айдос Мелдеханның өзі Азаттыққа айтты.
"Бір бүйрегімнен тас алды. Операция сәтті өтті. Есімді жиып, бүгін жан-жақтан хабарласып жатыр. Жолдасым жанымда болды. Дәрігерлер екінші бүйрегімде де қандай да "түзінділер" бар, оған да операция жасау керек дейді. Бірақ рұқсат берген жоқпын" деді Айдос Мелдехан Азаттыққа.
Белсенділер қанды Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар қыз Айкөркемнің әкесінің денсаулығының нашарлауына Қаңтар әсер еткен деп тұжырымдайды. Айдос Мелдеханның өзі де бұрын тас алынған бүйрегі ауырып көрмегенін айтады. Ауруханаға 28 желтоқсанда түскен Мелдехан Жаңа жылды аурухана төсегінде қарсы алған.
t.me/azattyq
Қазақстанда бірнеше министр ауысты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып Марат Қарабаев тағайындалды. Бұған дейін аталған министрлікті басқарған Қайырбек Өскенбаев қызметінен босатылды.
Сәрсенбі күні сонымен бірге Асхат Аймағамбетовтің оқу-ағарту министрі қызметінен босатылғаны белгілі болды. Оның орнына Ғани Бейсембаев тағайындалды.
4 қаңтарда Ақорда сайтында арнайы жарлықтар жарияланды.
Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол 4 қаңтарда қызметінен босатылған Серікқали Брекешовті алмастырды.
Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппарат жетекшісі болды.
t.me/azattyq
(Ақпарат толықтырылады).
Тоқаевтың табелі. Ішкі саясатта не болып жатыр?
Сарапшылар сыртқы саясатта белсенді Қазақстан президенті Тоқаевтың ішкі саясаттағы ықпалы Қаңтар оқиғасынан кейін байқалғанын айтады. Оның себебі мен салдары қандай болуы мүмкін?
ОҚУ
Қазақстанда қалың қарға байланысты жүзден астам жол жабылды
Қазақстанда қалың қарға байланысты 127 автожол аумақтары жабылды, 49-ы – республикалық, 78-і облыстық маңызы бар жолдар. Бұл жөнінде 4 қаңтарда төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, жолда қалған жолаушыларды құтқару мақсатында республикалық және аймақтық штабтар құрылған.
"Блокбекеттерде 600 көлік тұрып қалды. Өткен тәулікте құтқарушылар 691 адамды құтқарып, қауіпсіз жерге көшірді, 137-сі – бала (Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарында). 145 техника сүйреп шығарылды" деп жазылған ведомство хабарламасында.
t.me/azattyq
Украина Херсон облысында әуеден соққы беріп, жүздеген ресейлікті өлтіргенін хабарлады
Украина қарулы күштерінің бас штабы 31 желтоқсанда Херсон облысындағы Чулаковка ауылы маңында Ресей армиясының бөлімшесіне әуеден соққы жасағанын хабарлады. Соның нәтижесінде Ресейдің 500-ге тарта әскери қызметкері не қаза тапты, не жарақат алды. Украина қарулы күштері бас штабының 3 қаңтардағы таңғы ақпаратында осындай мәлімет айтылған.
Оқиғаның анық-қанығы белгісіз. Украина жағының бұл мәлімдемесін тәуелсіз түрде тексеріп, нақтылау мүмкін емес. Ресей Украинаның бұл әскери операциясы туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
Бас штабтың мәліметі бойынша, Украина күштері 1 қаңтарда Херсон облысындағы Федоровка маңында Ресей армиясының жеке құрамына соққы жасаған. Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
t.me/azattyq