Түркия мен Сирияда зілзаладан қаза болғандар 23,7 мыңнан асты: 20,2 мыңы – Түркия, 3,5 мыңы – сириялықтар. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Reuters'тің жазуынша, 6 ақпан күнгі жер сілкінісі келтірген адам шығыны бойынша 21 ғасырдағы ең ірі апаттар арасында жетінші болып тұр. Ондаған мың адам жарақаттанды, жүздеген мың адам баспанасынан айырылды.
t.me/azattyq
Ақ үй жұма күні президент Джо Байден қорғаныс министрлігіне Аляска төбесінде ұшып жүрген объектіні атып түсіруге бұйрық бергенін хабарлады.
"АҚШ қорғаныс министрлігі объектіні 24 сағат бойы бақылады" деді журналистерге АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресми өкілі Джон Кирби.
Объект 12 шақырым биіктікте ұшқан және азаматтық авиация ұшақтарына қауіп төндіруі мүмкін еді, деп атап өтті CNN телеарнасы.
t.me/azattyq
Оралда 9 ақпанда кешке полицейлер азаматтық белсенді Орынбай Оқасовтың көлігін тоқтатқан. Белсенді үстінен әкімшілік хаттама толтырылған. Оқасов кінәлі танылса, қамалуы мүмкін.
Белсендінің айтуынша, полиция қызметкерлері оны "ішкенсің" деп ұстауға тырысқан. Оқасов ішімдік ішпегенін айтады.
— Әкіммен кездесуде болып, үйіме қайтып келе жатқанмын. Ішпегенмін. Мені оқшаулағысы келгендіктен ұстауға тырысқан болар, – деді Оқасов 9 ақпанда кешке.
Бұған дейін Қазақстан қалаларында 11-12 ақпанда тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап ететін бейбіт митинг өтетіні хабарланған. Белсенділер сонымен бірге тәуелсіз партияларды да тіркеуді талап ететіні айтылды. Әкімдіктер "бұл күндері басқа шаралар өтетінін" айтып, белсенділердің митинг туралы өтініштерін мақұлдамаған.
t.me/azattyq
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп күдікке ілінген бес адамға сот үкімі оқылды. Олардың барлығы Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабы (146-баптың 2-бөлігі) бойынша айыпталған.
Сот Айдын Кенжебаев пен Нұртаза Жанбақытұлын кінәлі деп танып, әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айырды. Судья Сапармұрат Тоқташты үш жыл алты айға, Ермек Жұмашев пен Алмас Боқановты үш жылға бас бостандығынан айырды.
Айыпталушылардың барлығына үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, олар шендерінен айырылды.
t.me/azattyq
БАҚ: Оралдағы әуежайды ресейлік миллиардерге қатысы бар компания сатып алған
"Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы" ЖШС-нің иелері өзгерді. Бұрын әуежай лицензиясынан айырылған Bek Air-ге еншілес "Беркут аэропорт" ЖШС-іне тиесілі болған. Бұл жөнінде Telegram-дағы shishkin_like арнасына сүйенген "Уральская неделя" басылымы жазды.
Басылымның жазуынша, енді әуежайдың құрылтайшысы – "Орал аэропорт холдинг" компаниясы. Компания иелерінің бірі – ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысты Ресейдің Екатеринбург қаласында тіркелген "Ретранс" компаниясы. Оған жекешелендіру аукционы кезінде 1 млрд рубльге сатып алған Магнитогорск әуежайы да тиесілі.
t.me/azattyq
Түркияның Кахраманмараш қаласында жер сілкінісінен соң тағы бір қазақстандықпен байланыс үзілген. Қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілік өкілі түрік құтқарушыларымен бірге оны іздеп жатыр. Бұл жөнінде 10 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
– Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпады. Тұратын жері –Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің жедел желісіне хабарласқаннан кейін оны іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірігіп, оны іздеп жатыр, – деді Айбек Смадияров.
Бұған дейін Adyrna.kz сайты Кахраманмараш қаласында тұратын 1976 жылғы Жанар Жақсыбековаға іздеу салынғанын хабарлаған. Министрлік өкілі жұма күнгі брифинг кезінде іздеу салынған азаматтың аты-жөнін айтпады.
t.me/azattyq
Жұма күні Украинаның түгелге жуық аймағында әуе дабылы іске қосылды. Ресей әскері алыстан зымырандар жіберді.
Инфрақұрылымдарға соққы тию қаупі зорайған соң, ДТЭК энергетика компаниясы бірқатар облысты электр жүйесінен ажыратты.
"Суспiльне" басылымы Кривой Рогта жарылыс болғанын хабарлады. Telegram-арналардағы ақпаратқа қарағанда, Одесса, Николаев, Запорожье, Полтава, Хмельницкий, Ивано-Франковск облыстары мен Киевте жарылыс болған.
Харьковта, жергілікті биліктің хабарлауынша, маңызды инфрақұрылым нысандары бүлінген. Киевте №5 жылу электр орталығына соққы тигені хабарланды.
t.me/azattyq
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко 72 жасында бақилық болды. 10 ақпанда жергілікті БАҚ осылай деп хабарлады.
Сергей Терещенко 1991-1994 жылдар аралығында Қазақстан премьер-министрі болған. Оған дейін 1991 жылы 16 қазан мен 16 желтоқсан аралығында Қазақ ССР премьер-министрі қызметін атқарған.
Кейін Терещенко саясаттан кетіп, кәсіпкерлікпен айналысты. Жаңа өндіріс орындарын ашып, ферма, су электр станциясын салды. 2022 жылы Forbes оны Қазақстандағы ең ірі 50 кәсіпкер тізіміне енгізген.
t.me/azattyq
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша қазақ тілінде аудиокітап әзірлеуге кіріскен дубляж актерлері еңбекақы ала алмай отыр. Бұл жөнінде "31 арна" хабарлады.
Телеарнаның хабарлауынша, 2022 жылы қазанда 20 шақты адамнан құралған шығармашылық топ аудармамен айналысатын "Аттик Строй" компаниясымен келісімшарт жасасып, 15 кітаптың аудионұсқасын әзірлеуге кіріскен. Тараптар келіскеннен кейін таза дауыс жазатын қымбат құрылғы сатып алынған. Алты студия қосымша жабдықталған. Алайда ең соңында компания ақшасын төлеуден бас тартқан.
'Келісімшартқа қол қойғаннан кейін осы жобаға байландық, біз бәрінен бас тарттық. Күні-түні, азаннан қара кешке дейін бел жазбай жұмыс істедік. Егер олай істемесек, оны аяқтай алмаймыз. Үй көрмей, студияда түнеп жүрдік. Сол себепті бізге жалақы төлеуді талап етеміз" деді дыбыс маманы Азамат Қанапия.
t.me/azattyq
Шешенстан парламенті Рамзан Қадыровқа "халық әкесі" атағын "берді"
Шешенстан парламенті республика Конституциясына енетін бірқатар түзетуді мақұлдады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, "Мехк-Да" деп аталатын республика басшысы қызметі бекітілді. "Кавказ.Реалии" жазуынша, шешен тілінен дәл аударғанда бұл "өлке әкесі" деп аударылғанмен "халық әкесі" деген мағынада қолданылады.
Шешенстан Конституциясына түзетулерді жергілікті парламент басшысы Магомед Даудов ұсынған.
t.me/azattyq
Ресей Қытай, Қазақстан, Польша және Литвамен шекарадағы өткізу пунктерінде адамның бет-жүзін танитын жүйе орнатады. Бұл жөнінде мемлекеттік сатып алу құжаттарына сүйенген "Полигон.медиа" хабарлады.
Аталған технология Ресей мен Қытай шекарасындағы "Забайкальск", "Пограничный" және "Краскино" пунктерінде, Ресей мен Қазақстан шекарасындағы "Маштаково", "Орск" және "Сагарчин" пунктерінде және Калининград облысындағы пунктерге ("Багратионовск", "Мамоново" и "Чернышевское") орнатылады.
Техникалық міндеттемелерінде жүйе жүргізушілерді анықтау үшін "адамның бет-жүзін автоматты түрде сараптауы" керек деп жазылған. Бұл жүргізушілерді елге кірген кезде және шыққан кезде салыстыру үшін қажет.
t.me/azattyq
Түркияның Хатай қаласындағы үйінді астынан Қазақстан азаматы Әділ Қадырбековтің денесі табылды. Ол зілзала болған сәтте қаза тапқан.
Қазақстандық құтқарушылар жергілікті әріптестерімен бірге Түркиядағы зілзаладан бері хабарсыз кеткен Қазақстанның екі азаматын іздеп жатқан еді. Жоғалған екінші қазақстандық – Мирболат Құрмашев туралы әзірге ақпарат жоқ.
Хатай қаласындағы қираған 6 қабатты ғимараттың орнынан Қазақстан азаматының денесі табылғанын Қазақстанның төтенше жағдай минитрлігі де растады.
t.me/azattyq
Қазақстандықтар Түркияға 120 киіз үй жіберді
Қоғам белсендісі Арман Шораев пен журналист Нұрбек Бекбау жұрттан жылу жинап, зілзаладан жапа шеккен Түркияға көмек ретінде киіз үй жіберді. Бірер күнде олардың шотында қазақстандықтардан 20 миллион теңгеден аса қаржы түскен.
t.me/azattyq
«Кешіріңіздер, сағындырып қойдым». Шыңжаң қазағы бес жылдан соң отбасына оралды
Қытайда қамауға алынып, ұзақ жыл отбасынан ажырап қалған Шыңжаң қазағы Сәрсенбек Әкбар Қазақстанға оралды. Туыстарының сөзінше, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің араласуымен 8 ақпанда шекарадан өткен. Әкбар үш жылдай Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерінде, екі жыл үйқамақта отырған.
t.me/azattyq
Мәжіліс сайлауы: Бірмандатты сайлау округы бойынша 609 кандидат ұсынылды
Қазақстанда 8 ақпанда кешке кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Елде тіркелген жеті саяси партия 283 кандидат ұсынған.
Ең көбін "Аманат" (90 кандидат) ұсынған. "Ақ жол" – 54, Қазақстан халық партиясы – 52, "Ауыл" – 25, Respublica - 25 кандидатов, ЖСДП – 19, "Байтақ" 18 кандидат ұсынған.
Мәжіліс сайлауына мажоритарлы бірмандатты сайлау округы бойынша 609 кандидат ұсынылған. 79 кандидатты – партиялар, 5 кандидатты төрт қоғамдық бірлестігі ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар.
t.me/azattyq
ОСК Қазақстан халық партиясының партиялық тізім бойынша мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін тіркеді. Бұл жөнінде ОСК өкілдері сенбі күнгі отырыс кезінде хабарлады.
ОСК өкілі Шавкат Өтемісов партия тізіміне енген барлық тұлғалар "Конституция мен "Сайлау туралы заңға" сәйкес келетінін атап өтті.
Партиялар арасында бірінші болып съезд өткізген Қазақстан халық партиясының парттізімінде 52 адам бар.
t.me/azattyq
Ресейлік журналист, "Еркін Бурятия" қорының негізін қалаушы Александра Гармажаповаға қылмыстық іс бойынша іздеу жарияланды. Гармажапова карточкасы ІІМ базасында тұр, деп жазды "Медиазона".
Қандай бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны әзірге белгісіз.
"Еркін Бурятия" қоры Ресейдің Украинаға соғыс ашуын сынап, Бурятиядан шыққан әскери қызметкерлерге құқығын қорғауға және соғыс аймағынан оралуға көмектеседі, деп жазды "Сибирь.Реалии" сайты.
Қор сонымен бірге отарсыздандыруды қолдап, Ресейде тұрып жатқан барлық халықтың құқығын қорғауды және орталықтанбаған билік маңыздылығын қуаттайды.
t.me/azattyq
Қырғызстанның Ош облысы Қарасу ауданында қырғыз-өзбек шекарасында қырғыз шекарашылары Өзбекстанға апаратын туннель тапты.
Бұл жөнінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) хабарлады.
Ведомствоның айтуынша, туннель Өзбекстандағы ауылдардың біріндегі Оңтүстік Ферғана арнасы астымен өтеді.
"Туннельдің биіктігі – 1,5 метр, ені – 80 сантиметрге дейін барады. Ішінде баспалдақтары бар. Туннельдің ұзындығы шамамен 200 метр" деді ҰҚМК шекара қызметі өкілдері.
t.me/azattyq
Партиялар сайлауға қалай дайындалып жатыр?
Азаттық партия съездеріне қатысып, ең қызық жайттарды жинап шықты
t.me/azattyq
Азаптаушы полицейлер сотталды - 10 ақпан ┃AzatNEWS-
📌 Талдықорғанда Қаңтарда азаматтарды азаптады деп айыпталған полицейлерге сот үкімі шықты. 5 адамның екеуі 4 жылға, тағы екеуі 3 жылға, біреуі 3 жыл 6 айға сотталды.
📌 Түркиядағы зілзала кезінде хабарсыз кеткен қазақстандық екі азаматтың денесі табылды. Құтқарушылар олардың мүрдесін үйінді астынан алып шыққан.
📌 Зілзаладан кейін Түркия мен Сирияда кейбір елді мекендерді су басқан. Төрт күннен кейін үйінді астынан аман табылып жатқандар бар.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Ресейдің Хабаровск өлкесінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалға 22 жыл түрме жазасы кесілді. Сот оны "тапсырыспен адам өлтіруді ұйымдастырды" деп таныды. Фургал тағылған айыпты мойындамайды, өзін саяси себеппен қудалап отыр деп есептейді.
Сот үкімі Люберцы қаласының Мәскеу облыстық сотында оқылды. Сот алқасы Фургалды бизнес бойынша үш бәсекелесіне қастандық ұйымдастырды деп таныды.
Фургалға тағылған айыптың бірі 2004 жылы үйінің маңында кәсіпкер Евгений Зоридің кісі қолынан өлгеніне байланысты. Тергеу органдарының болжамынша, Зори мен Фургал сол кезде бір ғимаратқа таласқан. 2004 жылы Фургал бұл іс бойынша күдікке ілініп, ұсталған, кейін босатылған еді.
t.me/azattyq
Кремль Ресейдің Украинаға басқыншылығының бір жылдығы қарсаңында, 22 ақпанда митинг-концерт өткізеді, оған Ресей президенті Владимир Путин қатысады. Бұл жөнінде үш дереккөзге сүйенген РБК сайты хабарлады. Концерт өтуі мүмкін ықтимал орындардың бірі – "Лужники" стадионы.
Путин соңғы рет бұл стадионда былтыр 18 наурызда сөз сөйлеген. Шоу Қырым аннексиясына 8 жыл толғанына орай ұйымдастырылған.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, 22 ақпан күнгі митинг-концерт президенттің былтыр 21 ақпан күнгі федерация жиынына жолдауының "жалғасы" ретінде қарастырылуы мүмкін.
t.me/azattyq
Украинада берен кеудеше (бронежилет) тігіп жүрген Қазақстан азаматы Мәдина Каттер өндірісті тоқтатып, соғыстың салдарынан баспанасыз қалғандарға модульді үй салумен айналысатынын хабарлады. Бұл жөнінде Forbes.kz сайты жазды.
"Біз 600-ден астам берен кеудеше тіктік. Алайда компанияны жабуды ұйғардық. Бірақ мұнымен Украинаға көмектесуді доғармаймыз. Мен RE:Ukraine жобасымен айналысып жатырмын, баспанасыз қалған украиндерге модульді үй салғымыз келеді" деді Мәдина Каттер Forbes.kz берген ірі сұхбатында.
t.me/azattyq
"Ресей өзгереді дегенге сенбеймін". Әскерден Латвияға қашқан орыс сарбазының әңгімесі
Эрик 22 жаста, Ресейдің Ульяновск қаласында туып-өскен жігіт былтыр наурызда Ленинград облысындағы әскери бөлімде борышын өтеп жатқан жерінен қашып кеткен. Сол жүргеннен Латвия шекарасын заңсыз кесіп өтіп, сол елден бассауға сұраған. Эрик әскерден қашу себебі, жолдағы азабы жайлы Азаттықтың Север.Реалии жобасына айтып берді.
ОҚУ
Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек береді. Бұл жөнінде 10 ақпанда премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
"Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек" деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға да 1 млн доллар көлемінде шұғыл көмек беретінін мәлімдеген.
t.me/azattyq
Түркияда үйінді астынан екінші қазақстандықтың денесі шығарылды
Қазақстандық құтқарушылар Түркияның Хатай провинциясында үйінді астынан екінші қазақстандықтың денесін шығарды.
Түркияда жер сілкінісі кезінде Қазақстанның үш азаматы жоғалған. Хатай провинциясында екі күн бұрын құтқарушылар қираған үй астынан қазақстандық Сабина Мамадиярованы тірі алып шыққан.
9 ақпанда түнде Әділ Қадырбековтің денесі шығарылды. Ақпаратқа қарағанда, ол зілзала болған сәтте қаза тапқан. Бірнеше сағаттан соң құтқарушылар үйінді астынан қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесін тапты.
9 ақпанда Алматы полициясы Ресей азаматы Деник Козакты ұстады
Бұл жөнінде бурят журналисі Евгения Балтатарова Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Оның жазуынша, Қазақстанның құқық қорғау органдары Козакты Ресей сұрауымен ұстаған.
"Ол қалай ұсталғанын білмеймін. Маған ресейлік құқық қорғаушылар хабарласып, адвокат табу керектігін айтты" деді 9 ақпанда кешкісін Азаттыққа Евгения Балтатарова.
Оның айтуынша, қазір Денис Козакқа адвокат табу мәселесімен Адам құқығын қорғау бюросы айналысып жатыр. Балтатарованың айтуынша, Денис Козак Ресейде "терроризмді ақтау" бабымен айыпталған.
t.me/azattyq
Түркия мен Сириядағы ахуал, Зеленскийдің Еуропаға сапары - 9 ақпан ┃AzatNEWS
📌 Түркия мен Сириядағы зілзала құрбандары 17 мыңнан асты. Үйінді астында қанша адам қалғаны белгісіз. Түркияда жоғалған 2 қазақстандық әлі табылмады.
📌 Билікті сынап жүрген саясаткер Уәлихан Қайсаров партиясын тіркете алмай жүр. Бастамашыл топ сол үшін Әділет министрлігін сотқа берген.
📌 Еуропа елдері Украинаға әскери ұшақ бере ме? Ел президенті Владимир Зеленский осындай өтінішпен кеше Лондон, Парижге, бүгін Еуроодақ саммиті өтіп жатқан Брюссельге барды. Бұл хабар Кремльге жақпады.
🔗КӨРУ
t.me/azattyq
Мәжіліс сайлауына мажоритарлы бірмандатты сайлау округы бойынша 609 кандидат ұсынылған.
79 кандидатты – партиялар, 5 кандидатты төрт қоғамдық бірлестігі ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар.
t.me/azattyq
"Кедейліктен қашу": Түркімен билігі азаматтарына шетелге шығатын төлқұжат бермей жатыр
Түркіменстанда шетелге шығуға мүмкіндік беретін төлқұжат алуға сұраныс артқан. Кейінгі кездері түркімендердің көбі шекара асып, басқа елден пана іздегісі келеді.
🔗Сілтеме
t.me/azattyq